Солтүстікке 690 отбасы қоныс аударды
Жыл басынан бері халқы тығыз қоныстанған өңірлерден Солтүстік Қазақстан облысына 690 отбасы қоныс аударды.
Олардың тыныс-тіршілігімен танысу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаев өңірге жұмыс сапарымен барды. Ол алдымен Петропавл электротехникалық зауытының ұжымымен кездесті. Мұнда еңбек етушілердің дені Теріскейге мемлекеттік бағдарлама бойынша қоныс аударған. Кәсіпорында 120 адам жұмыс істейді. Басым бөлігі баспанамен қамтылған. Министр әр адам ресми жұмысқа орналасып, жалақысын уақытылы алуы және қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз етілуі маңызды екенін атап өтті.
Мағжан Әмірбек, зауыт жұмысшысы:
Петропавл қаласына көшіп келдім, оңтүстіктен солтүстікке көшу бағдарламасы бойынша. Келе сала осында жұмысқа кірдім. Петропавл қаласы маған ұнайды. Үй алғанда маған мемлекет 4,5 млн ақша берді.
Аскарбек Ертаев Еңбек мобильді орталығының жұмысымен танысты. Мекеме еңбек нарығындағы сұранысты сараптап, халықты жұмысқа орналастыру жұмысын үйлестірумен айналысады. Сонымен қатар, министр кандастарды уақытша орналастыру орталығына барды. Мұнда этникалық қазақтар құжаттарын рәсімдеп, «қандас» мәртебесін алғанға дейін тұра алады. Министр мемлекеттік қолдау тек баспанамен шектелмей, құжат рәсімдеу, жұмысқа орналасу және жаңа ортаға бейімделу мәселелерін толық қамтуы қажет екенін айтты.
Асқарбек Ертаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Жалпы СҚО-да барлық квота орындалуда. Біз қазір саясатты өзгертіп жатырмыз. Қазір квота тек қана ауыл жаққа болады. Барлық қандастарды осы белгіленген 7 аймақ, олар толық тартуы керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы