Басты Жаңалықтар Нұрай Серікбай ісі: Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Нұрай Серікбай ісі: Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Жыл басында Шымкентте Нұрай Серікбай есімді студент қызды кешке үйінен дүкенге шыққан кезде бір жігіт пышақтап өлтіріп кеткенін ұмытпаймыз. Ол Нұрай Серікбайдың денесіне 35 рет пышақ салған. Аты-жөні: Шерхан Аймахан. Бейсенбіде өмір бойына түрмеде отырасың деген сот үкімі шықты. Үкімге сай, айыпталушы моральдық өтемге Нұрайдың отбасына 25 млн теңге беруі тиіс.

Ш. Аймаханға Қылмыстық кодекстің «Асқан қатыгездікпен кісі өлтіру», «Сталкинг» және «Некеге тұруға мәжбүрлеу» баптары бойынша айып тағылды. Айыпталушы тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеген. Адвокаттары оның ақыл-есінің дұрыстығын қайта саралауды сұраған, судья бұл өтінішті қанағаттандырмады. Көктемнің ортасында әлгі мәжбүрлеп емдеуге жіберілген еді. Бір айдан соң ішкі істер вице-министрі дәрігерлер күдіктінің ақыл-есі дұрыс деп қорытынды жасады деп хабарлады.

Жақындары Нұрайдың әлгімен былтыр жазда тойда танысқанын, күзде еркінен тыс алып қашқанын айтқан еді. Қыз қарсы болған, туыстары Нұрайды полиция әкеліп, жігіттің үйінен алып кеткен. Сөйтіп, құқық қорғау органдарына арызданған. Бірақ әлгі жоламаймын деп уәде бергендіктен, кешірген. Алайда аңду, қорқытып-үркіту тоқтамаған. Нұрайдың ата-анасы прокуратура мен полицияға қайта арызданған. Бірақ нәтиже болмағанын көріп отырмыз... Ішкі істер министрлігі осы арызға «салғырттық» танытқан полицейлердің үстінен қылмыстық іс қозғағанын хабарлаған, соңында біреулердің сотталып/сотталмағаны туралы ақпарат ашық дереккөздерде жоқ. Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы мен орынбасары қызметтен, бірнеше полицей ішкі істер органдарынан шеттетілген.


Бөлісу