Басты Жаңалықтар Түркістан облысында 20 мың тоннадан аса сүт өндірілген

Түркістан облысында 20 мың тоннадан аса сүт өндірілген

Түркістан облысында қайта өңдеу мен өндіріс қуатын арттыру бағытындағы маңызды жобалар қарқынды іске асырылуда. Бүгінде кәсіпкерлер фермерлік шаруашылықтарды жаңғырту мен озық технологияларды енгізу, отандық өнімдерді арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Сондай тауарлы-сүт фермаларының бірі өңірдің сүт өндірісін жаңа сапалық деңгейге шығарды. Тілші тарқатады.

«Бадам» индустриалды аймағынан ашылған заманауи агроөнеркәсіптік кәсіпорын сүт бағытындағы ірі қара малын өсіру мен сүт өнімдерін өндірудің толық цикл бойынша жұмыс істейді. Бүгінде тауарлы-сүт фермасында 1 500 бас голландиялық асыл тұқымды сиыр бар. Тәулігіне 21 тоннаға дейін сүт өндіріледі. Ал қыс мезгілінде 50 тоннаға дейін сүт жиналады. Кәсіпорын табиғи сүттен 35 түрлі өнім шығарады. Өңір тұрғындарын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етіп келеді.

Ержан Жүнісов, сүт зауытының директоры:

Бізде айран, 4 түрлі иогурт, 4 түрлі дәммен, құрт, май, 2 түрлі сметана шығады. Бізде құрт өнімдеріне сұраныс артып жатыр. Алдағы таңда иогурт пен қаймақ өнімін әр түрлі ыдыста шығару жоспарымызда бар.

Жылына 18 мың тоннаға дейін сүт өңдеуге қауқарлы кәсіпорында 110 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Заманауй үлгіде ашылған фермаға ауыл шаруашылығында жасанды интеллект пен «ақылды ферма» жүйелері енгізілген. Бұл технологиялар өндірісті дәл басқаруға, ірі қаралардың денсаулығын бақылауға, шығындарды оңтайландыруға және өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Бөкейхан Әбішев, серіктестік басшысы:
Бұл жерде сиырдың барлығын робот сауады. Сиырға жем-шөпті робот береді. Сиырдың астын робот тазалайды. Массажды да робот істейді деген сияқты. Бұл роботтың ерекшелігі осы сиырлар өздері еркіндігімен жем-шөбін жеп, қалаған уақытында роботқа кіріп, сауылып, қалаған уақытында шығып, жайылып жүре береді.

Яғни әрбір сиырдың физиологиялық жағдайы, жасы, салмағы және өнімділігі ескеріле отырып, жеке азықтандыру бағдарламасы жасалған. Фермадағы барлық өндірістік процестер цифрлық технологиялар арқылы бақыланады. Қора-жайларда температура, ылғалдылық, желдету және жарықтандыру тәулік бойы автоматты режимде реттеледі. Арнайы роботтар жемді үздіксіз итеріп, малдың азыққа қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Кәсіпорын өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға және отандық агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға елеулі үлес қосып келеді. Бүгінде облыста қуаттылығы 400 бастан жоғары 3 тауарлы сүт фермасы ашылған. Ағымдағы жылы 20 мың тоннадан аса сүт өндірілген.


Бөлісу