Басты Жаңалықтар Министр сайлау кезінде БАҚ пен блогерлерді заң талаптарын сақтауға шақырды

Министр сайлау кезінде БАҚ пен блогерлерді заң талаптарын сақтауға шақырды

Сайлауалды науқан қызған тұста журналистер мен блогерлердің жұмысына қатысты түрлі сауал туындап отыр. Әсіресе, қоғамдық орындарда түсірілім жүргізу, азаматтардың бейнесін пайдалану және әлеуметтік желідегі аккаунттардың бұғатталуы қоғам назарында. Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл мәселелерге қатысты түсініктеме берді.

Ең алдымен БАҚ өкілдерінің ақпарат жинап, оны таратуына, фото және бейнетүсірілім жасауына заңмен мүмкіндік берілген. Бұл ретте кәсіби қызметтің тәртібі «Масс-медиа туралы» заңда нақты көрсетілген.

Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабының 3-тармағына сәйкес, журналист ақпаратты сұратуға, алуға және таратуға, Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған жағдайларды қоспағанда, аудиовизуалды техника құралдарын пайдалана отырып жазбалар жүргізуге, кино- және фототүсірілім жасауға құқылы. Сонымен қатар журналист өзінің кәсіби қызметін жүзеге асыру кезінде ақпараттың анықтығын тексеруге міндетті.

Алайда камераны қосудың да өз тәртібі бар. Азаматтың келісімінсіз түсірілім жасауға белігіл бір жағдайларда ғана рұқсат етіледі. Мәселен, адам көпшілік іс-шараға қатысып отырса оны түсіруге болады. Сондай-ақ бейне оның қоғамдық қызметіне қатысты болса немесе азамат өз суретін ашық дереккөзде өзі жарияласа, жеке келісімі қажет емес. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі аккаунттардың бұғатталуына қатысты да пікір білдірді.

Журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылды деген пікір туғызатын кез келген әрекет тек жекелеген журналистер мен блогерлерге ғана емес, мемлекеттік органдардың беделіне де нұқсан келтіреді. Бұл мәселе сайлау науқаны кезінде айрықша маңызды. Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес.

Дегенмен сөз еркіндігі  жауапкершіліктен босатпайды. Өйткені әлеуметтік желі арқылы тараған ақпараттың аудиториясы кең, ал тексерілмеген мәлімет қоғамдық пікірге тікелей әсер етуі мүмкін. Бұл «Заң мен тәртіп» және  «Адал азамат» ұстанымының да негізі. Қоғамдағы мәртебесіне қарамастан, әр азамат заңды сақтап, өз әрекетіне жауап беруі керек. Сондықтан министр журналистер мен блогерлерді дереккөздерді мұқият тексеруге, заң талаптарын қатаң  сақтауға шақырып отыр.


Бөлісу