Шымкентте Шәмші шығармашылығы дәріптелді
Жүректерде жатталған Шәмші әндері ешқашан ескірмейді. Шымкентте қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні аталып өтті. «Шәмші әлемі» аллеясына жиналған жұртшылық сазгер ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Шәмші әндері – уақыт сынынан өткен, талай буынның жадында жатталған шығармалар. Сазгер қазақтың тұрмысын, сағынышын, қуанышын сырлы әуенге қосып, ұлттық ән өнерінің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Бүгінде оның әндері сахна төрінен түспей, тыңдарманын әлі де тебірентіп келеді.
Базаркүл Шәймерденова, қала тұрғыны:
Шәмшінің өлеңін тыңдайық деп келдік. Ол баяғы біздің өлеңдеріміз ғой жас кездегі. Соған арнайы келдік немереміз екеуіміз тыңдайық деп. Арыстың жағасы дегенді жақсы көремін баяғыдан тыңдап келе жатқан.
Тағзым рәсімі композитордың шығармаларына арналған гала-концертке ұласты. Сахнада Шәмшінің жүректерде жатталған әндері қайта жаңғырып, сырлы әуені көрерменді әсем сазға бөледі. Кеште сазгердің «Қайықта», «Арыс жағасында», «Ана туралы жыр», «Бақыт құшағында» сынды танымал туындылары орындалды.
Ақерке Ыбыраева, қала тұрғыны:
Шәмші атамыздың туған күні керемет өтуде. Кешке үлкен-кіші бәрі келіп жатыр. Мен де балапандарымды алып келдім. Орта және кіші буындар білсін дедім Шәмші атамыздың қандай әндері бар екенін, мәдениетімен, лирикалық әндерімен таныссын дедім.
Шәмші әндерінің ғұмыры ұзақ. Оның сырлы әуені ұрпақ ауысса да, тыңдарман жүрегінен өз орнын жоғалтқан емес. Кеште ән сүйер қауым ән падишасының жауһар туындыларын ерекше ықыласпен қабылдап, сүйікті әндеріне қосыла шырқады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы