Басты Жаңалықтар Егін ору: 2,6 млн гектардан дәнді дақыл жиналды

Егін ору: 2,6 млн гектардан дәнді дақыл жиналды

Биыл егін жинау қарқыны былтырғыдан екі есе жоғары. Орташа өнімділік гектарына 14 центнерден асады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері хабарлады. Қазірге дейін 2,6 миллион гектардан дәнді-дақыл жиналған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,3 милллион гектарға артық. Мемлекет басшысының аграрлық-өнеркәсіптік кешен өнімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасынан соң өнім көлемі артып, салада қабылданып жатқан шаралар тиімділігін көрсеткен. Жалпы агросекторды қаржыландыру соңғы үш жылда жеті есеге өсіп, былтыр 1 триллион теңгеге жетті. Ал минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі екі жылда үш есеге артып, 1,8 миллион тоннаға жетті. Биыл жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында қаржыландыру көлемі 10 есеге артып, 350 млрд теңгеге жетті. Соның аясында 7 700-ден астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қолдау көрсетілді. Дәнді дақылдарды сақтауға арналған қоймалардың жалпы сыйымдылығы 30,7 миллион тонна. Бұл жаңа өнімді қабылдауға жеткілікті. Қазір республикада 189 қойма жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ осы жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жанар-жағармай жеткізу кестесін қалыптастырды. Дизель отынының жалпы көлемі 803 мың тонна. Оның 402 мың тоннасы көктемгі дала жұмыстарына, 401 мың тоннасы күзгі жұмыстарға бағытталды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін отынмен қамтамасыз ету мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында.


Бөлісу