Жетісу облысында қайтарылған активтер есебінен 3 мектеп салынып жатыр
Жетісу облысы Рудничный ауылында қайтарылған активтер есебінен салынып жатқан мектептің құрылысы аяқталуға жақын. 200-ге жуық ауыл баласы жаңа оқу жылын заман талабына сай ғимаратта бастайды. Нысанның құрылысына қазынадан 2 млрд 500 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
Рудничный тұрғындары жаңа мектептің салынғанына қуанышты. Ауылдағы ескі мектептің іргетасы өткен ғасырдың 70-жылдары қаланған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген ғимарат әбден тозған. Тұрғындардың айтуынша, бұл балалардың қолайлы жағдайда білім алуына кедергі келтірген.
Амангелді Кенжебаев, Рудничный ауылының тұрғыны:
Ескі мектебіміз кішігірім, салқын болды. Төбесінен аздап су ағатын. Ескінің аты ескі ғой, қанша дегенмен 70-жылдары салынған.
Лаура Тасиева, Рудничный ауылының тұрғыны:
Ең қуантарлығы, барлық кабинеттер жаңа заманауи технологиялармен қамтылған. Интерактивті тақта, жаңа компьютерлер оқушылардың білімге деген құштарлығын оятады деген сенімдеміз.
Тұрғындар жаңа мектептің қажет екенін біраздан бері айтып келген. Ауылдағы ағайынның сұранысына сай 200 орындық білім ошағының құрылысы былтыр наурыз айында басталды. Қазір ғимараттың ішкі жұмыстары аяқталып, сыртқы абаттандыру да бітуге жақын. Ал балалардың қауіпсіздігі үшін мектепте 38 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Әсел Жақсыбаева, мектеп директоры:
ХХІ ғасырға сай жабдықталған жаңа кабинеттер қарастырылып отыр. Бұл жерде физика, химия, биология кабинеттері бар. Қосымша жаңа мектепте мультимедиялық кабинет қосылып отыр. Заман талабына сай бүкіл құрал-жабдықтар келіп жатыр.
Өңірде қайтарылған активтер есебінен тағы 2 мектеп салынып жатыр. Көксай ауылындағы мектеп 1 қыркүйекке дайын болса, Үштөбедегі нысанның құрылысы келер жылы аяқталады.
Нұрдәулет Сыздық, тілші:
Өңірде соңғы үш жылда қайтарылған активтер есебінен 29 әлеуметтік нысан бой көтерді. Оған 42 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Осылайша 21 елді мекенде медициналық нысан салынып, төрт ауылға ауыз су тартылды. Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы