Басты Жаңалықтар Қызмет барысында қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанға қатысты сот отырысы басталды

Қызмет барысында қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанға қатысты сот отырысы басталды

Астанада қызмет барысында қаза тапқан жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанға қатысты сот отырысы басталды.  Сотталушы - кондиционер құлаған үйге жауапты меншік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязова. Ол «Міндеттеріне адал қарамау» бабы бойынша айыпталып отыр. Процесс барысында сотталушы қосымша уақыт сұрады. Осыған байланысты  отырыс кейінге қалдырылып, 20 тамыз сағат 10:00-де жалғасады деген шешім қабылданды. Жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтың айтуынша, кінәсі дәлелденген жағдайда жауапты меншік иелері бірлестігінің төрайымы 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Нұрсұлтан Орынбеков, жәбірленуші тараптың адвокаты:

Біз өзіміз осы кісіні айыптаңдар деп өтінім берген жоқпыз. Біз тек кінәліні тапсын деп арыздандық. Басты талап - әділеттілік орнату. Жауапты адам жауапкершілікке тартылуы керек.

Сот отырысында марқұм Ұлдананың жолдасы Әділет Зейнел «жәбірленуші» статусынан бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Бірақ, оның өтінішхатын төрағалық етуші судья қабылдамады. Десе де, келесі отырыста Зейнелдің өтініші қайта қаралуы мүмкін. Іс ашық форматта қаралып жатыр. Яғни, оған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады әрі тікелей трансляция жүргізіледі. Қайғылы оқиға былтыр 8 қарашада тоғыз қабатты үйдің маңында болған еді. Баспананың қасбетіндегі кірпіш қаптамасы опырылып, кондционер құлады. Ауыр жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан ауруханада қайтыс болды.


Бөлісу