Басты Жаңалықтар Үй маңындағы автотұрақты тегін пайдалануға болады

Үй маңындағы автотұрақты тегін пайдалануға болады

Алматыда көлік жүргізетін әрбір тұрғынның бас қатырар мәселесі – автотұрақ. Әсіресе, кешкі уақытта үйдің маңынан көлік қоятын орын табу оңай емес. Енді бұл мәселені шешудің жолы жеңілдейтіндей. Өйткені, енді тұрғындар үйіне жақын маңдағы коммуналдық ақылы автотұрақты тегін пайдалана алады. Қазір қалалықтардан өтініш қабылдау басталды. Жаңа мүмкіндік кімдерге беріледі және оны қалай рәсімдеу керек? Әйгерім Ердәулет айтсын.

Әйгерім Ердәулет, тілші:

Кешкісін үйге жеттіңіз. Алайда көлік қоятын орын жоқ. Бірнеше рет айналып келсеңіз де, бос орын табуыңыз екі талай. Ақыры ақылы тұраққа тоқтауға тура келеді. Алматыда бұл көрініс талай жүргізушіге таныс. Енді көпқабатты үйдің тұрғындары үшін жақын орналасқан ақылы автотұрақ тегін болмақ.

Жаңа тәртіп бойынша автотұрақ тұрғын үйден 500 метрге дейінгі радиуста болуы тиіс. Бірақ, бұл орын нақты сізге ғана беріледі деген сөз емес. Таңдаған тұрақта бос орын болса ғана, көлікті сол жерге қоя аласыз.

Өтінішті онлайн беру үшін Алматы паркинг сайтына электронды цифрлы қолтаңба арқылы кіресіз. Мекенжайды толтырып, картадан үйге дейінгі 500 метр радиуста орналасқан автотұрақты таңдайсыз. Артынша, көлік құралының мәліметтері мен қажетті құжаттарды тіркейсіз.Соңында өтінішке қол қоясыз.

Ақжол Сәдуақасов, қалалық жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының бас маманы:

Әр пәтерден бір адам коммуналды ақылы автотұрақты тегін пайдалана алады. Осы құқықты алу үшін әрбір меншік иесі өзіне тіркелген өзіне бекітілген көлік құралы болуы керек. Осы қағида тек қана көпқабатты автотұрақтарға тарайды. Егер біз жерасты, жерүсті тұрақтарды айтатын болсақ, оған ол таралмайды. 

Иә, тегін пайдалану мүмкіндігі барлық автотұраққа қатысты емес. Мәселен, жерасты паркингтеріне, жабық үлгідегі жерүсті және механикаландырылған тұрақтарға, сондай-ақ қоғамдық көлікке ауысып мінуге арналған автотұрақтарға қоюға болмайды. Айтпақшы, тегін тұрақ пәтер жалдап тұратындар үшін де беріледі. Бастысы, үйді  жалдау шарты мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс.


Бөлісу