Құрылтай-2026: Үгіт-насихат науқаны қыза түсті
Шешуші кезең жақындаған сайын партиялардың үгіт-насихат жұмысы қыза түсті. Құрылтай депутаттығына үміткерлер санаулы күннің ішінде барлық сала өкілдерін қамтып, сайлаушылармен тілдесіп үлгеруге тырысып жатыр. Мақсат: саяси бірлестіктің сайлауалды бағдарламасын таныстыру ғана емес, көпшілікті толғандырған мәселелерге құлақ түріп, шешу жолын қарастыру.
«Әділет» партиясының кандидаттары Қостанай облысының тұрғындарымен кездесті. Мыңға жуық адам жиналған басқосуда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдарды таза сумен қамтамасыз ету, жаңа тұрғын аудандарда әлеуметтік нысандар салу жайы талқыланды. Ал еңбек ұжымдарымен болған жиында өндірісті дамыту, кадр даярлау, жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктері сөз болды.
Қаныш Төлеушин, «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары, Құрылтай депутаттығына кандидат:
Осы зауытта істеп жатқан жұмыскерлерді дұрыстап тыңдап, олардың ұсыныстарын естіп, жинап қана қоймай, осы ұсыныстарды әрі қарай пайдаланып, бекітіп, олармен әрі қарай жұмыс жасау.
Таразда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері жастармен және түрлі сала ардагерлерімен кездесті. Жиында тұрғын үй кезегін жылжыту, жер телімдерін алу секілді мәселелер талқыланды. Ал Атырауда «Жайлы аула – қауіпсіз қала» тақырыбында өткен жиында қаланы абаттандыру, аулалардың жағдайын жақсарту және тұрғындардың қауіпсіздігі мәселелері қозғалды.
Нұрайнаш Камалова, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Кездесуге Атырау қаласының тұрғындары және ОСИ, КСК өкілдері қатысты. Бұл кездесудегі азаматтар тұрғын үйдің аулаларындағы абаттандыруды қажет ететіндерін айтты.
«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері Алматыдағы индустриялық аймақтың біріне барып, 15-ке жуық кәсіпорын басшыларымен және бас инженерлерімен кездесті. Жиында өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайту, экологиялық қауіпсіздікті күшейту және жасыл экономикаға көшу мәселелері талқыланды.
Алма Қараш, «Байтақ» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Кәсіпкерлерді де, қарапайым тұрғындарды да алаңдататын ортақ мәселе бар. Ол – қолайлы жағдай мен қажетті инфрақұрылымның болуы. Мысалы, индустриялық аймақта су мәселесі бар. Қазір бұл мәселе шешіліп жатыр. Жақын уақытта толық реттеледі деп үміттенеміз. Сондықтан бизнеспен тығыз жұмыс істеу қажет.
Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Алматы облысындағы еңбек ұжымдарымен кездесті. Олар сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, қарапайым жұмысшылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Еңбеккерлер өздерін толғандыратын мәселелерге байланысты ұсыныстарын айтты. Жиынға ерекше балалардың ата-аналары республикалық одағы мен Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының өкілдері де қатысты. Олар да өздерінің толғандыратын мәселелерін ортаға салды. Форум флешмобпен аяқталды. Оған кәсіпорынның төрт мыңдай қызметкері қатысты.
Дамир Дигай, Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Бұл ұжымда 6 мыңдай қарапайым жұмысшы бар. Олар Қазақстанда өндірілген отандық брендті әлемдік нарыққа шығаруға бар күш-жігерін салып жатыр. Жұмысшылар әлеуметтік даму мәселесін қолдайды және болашақта міндетті түрде үлкен жетістікке жетеміз деген сенімде.
«Ауыл» партиясының Құрылтай депутаттығына кандидаттары Ақмола облысының Сандықтау ауданында болып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Олар Приозерное ауылындағы жылқы және қара мал өсіріп, егін егумен айналысатын ірі шаруашылық ұжымымен жүздесті. Кездесуде ауыл тұрмысының сапасын арттыру, мал шаруашылығын дамыту, мемлекеттік қолдау сияқты өзекті мәселелер қозғалды.
Серік Егізбаев, «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Құрылтай депутаттығына кандидат:
Халықтардың мәселесі енді әлеуметтік жағынан көп мәселе болып отыр. Көптеген ауылдарда мектептер жабылып қалып жатыр, бала санын жетпегесін, сондықтан мектеп те, толғандыратын жағдайлар.
«Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына үміткерлер Астанадағы №3 автобус паркінің ұжымымен кездесті. Жиында кандидаттар саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, қатысушылармен тұрғын үй саясаты мен жас отбасыларды қолдау, шағын және орта бизнеске жағдай жасау мәселесін талқылады. Автопарк қызметкерлері қаржылық сауаттылықты арттыру, қоғамдық көлікті дамыту, сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға қатысты сұрақтарын қойды.
Берік Дүйсенбинов, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Сапалы жолаушы тасымалымен қамтамасыз ету Астананың ажырамас бір бөлігі. Осы қызметті қамтамасыз етіп отырған азаматтардың жағдайымен танысып, өзіміздің үгіт-насихатымызды жасап келдік бүгін. Елді алаңдатып отырған бүгінгі күнкөріс қамы, қымбатшылық, тұрғын үй мәселесі...
Петропавлда «Respublica» партиясының мүшелері өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Жиында Құрылтай депутаттығына кандидаттар сайлауалды бағдарламасын таныстырып, жиналғандардың сұрағына жауап берді. Оның ішінде кәсіпкерлікті дамыту, тың бизнес-идеяларды жүзеге асыру, жұмыспен қамту мәселелері кеңінен талқыланды. Мұндай шара қаладағы ірі кәсіпорындарда да өтті.
Нұргүл Тау, «Respublica» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Халықпен тікелей кездескен кезде, халықтың ішіне барған кезде қандай проблеманың қордаланып қалғанын түсінесіз. Көбінесе, мысалы, зейнетақыға қатысты сұрақтар болып жатыр. Сонымен қатар денсаулық сақтауға қатысты сұрақтар көп болды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы