Басты Жаңалықтар Құлсарыда тұрғын үйлер жөнделді

Құлсарыда тұрғын үйлер жөнделді

Атырау облысы Жылыой ауданындағы моноқала Құлсарыда тағы бір саябақ ел игілігіне берілді. Бұған дейін екеуі ашылған еді. Сондай-ақ көпқабатты 30 тұрғын үйдің ауласы адам танымастай өзгерген. Оларды абаттандыруға 3,5 млрд теңгедей қаржы бөлінген. Сонымен қатар, жалпы көлемі 64 мың шаршы метр болатын жаяу жүргіншілер жолы мен веложолдар төселуде. 5-ші ықшам аудандағы ескірген 10 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры мен қасбеттері 3 млрд теңгеден астам қаражатқа жаңартылып жатыр. Құрылыс жыл соңында аяқталған соң, 2-ші ықшам аудандағы үйлердің де келбеттері жаңарытылады.

Бекзат Баянов, Жылыой аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

Сыртқы қасбетін жаңарту мақсатында қазір 5 бригада, ал шатырын жөндеуде 3 бригада, жалпы 6 адам жұмыс істеп жатыр.

Досберген Ұланбайұлы, Құлсары қаласының тұрғыны:

Құлсары қаламыз бұрын ескі болды. Қазір жаңарып жатыр. Ажары кіріп мұнайлы астанаға ұқсап келе жатырмыз.

Аудан орталығындағы бос жатқан аумақтар да абаттандырылып жатыр. 11 жер учаскесіне балалар ойын алаңын салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленген. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 5 мектепте әмбебап спорт кешендерінің құрылысы қарқынды. Тасқын кезінде бүлінген моноқала осылайша қайта гүлденіп жатыр.

Қадіржан Адинов, Құлсары қаласының әкімі:

Жаяу жүргінші жолдары салынуда. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Құлсары қаласының 280-ге жуық көшесіне жалпы ұзындығы 130 шақырым көше жарық шамдары жүргізіліп жатыр. Барлық жұмыстар жоспар бойынша жыл соңына дейін толық аяқталады.


Бөлісу