Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуде Түркістан облысы көш басында
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің экспорты 37%-ға өсіп, 7 млрд долларға жетті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өндіріс көлемінің артуы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің дамуы экспорттық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік беріп отыр. Азық-түлік өнімдерін өңдеуде Түркістан облысы көш бастап тұр. Бүгінде аймақта жеміс-жидек, көкөніс пен ет өнімдері алыс-жақын шетелдерге саудаланып жатыр. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
Түркістан облысында 13 мың 400 гектардан аса алма бағы бар. Соның ішіндегі іргелісі Түлкібас ауданында қазір алма теру науқаны басталды. Үш мың гектардан астам алма бағында Италия, Польша және Түркиядан әкелінген көшеттер отырғызылған. Бүгінде жергілікті бағбандар жеміс ағаштарынан мол өнім алып, оны саудалап жатыр.
Қайрат Садықов, серіктестік директоры:
Өнім республика бойынша әрбір қалаға кетеді. Сосын шет мемлекеттерден Ресей жақсы алады. Өзбекстан, Қырғызстан және Беларусь елдері біздің алмаға қызығып, солар алады. Бізде мына жерде суытқыштар бар, алманы ұйықтатып, мамыр, маусым айына дейін сақтауға мүмкіндігіміз бар.
Жиналған өнімнің жартысына жуыға заманауи қоймаларда сақталады. Бүгінде ауданда 7 мың тоннаға жуық алма сақтайтын қоймалар бар. Онда алма бұзылмай, жақсы сақталады дейді мамандар. Түлкібас алманың отаны болған соң, шырын шығаруға өнім жеткілікті. Жемістен тәтті шырын шығаратын бірнеше зауыт жұмыс істейді. Яғни жергілікті баулардан жиналған жемістер қайта өңделіп, нарыққа шығарылуда.
Серік Төлешев, шаруа қожалық төрағасы:
Жылда он тоннаға жуық алма жерде қалып кететін. Оны ешкім термейтін. Енді биылдан бастап өзіміздің алмамызды өндіріп, шырын етіп жатып жатырмыз. 8 келілік алмадан 3 литр шырын шығып жатыр. Біздің Түлкібас өңірінің өзінен жылына 30 мың тонна алма шығады екен. Соның 5-10 мың тоннасын қабылдауға цехтың күші бар.
Түркістан облысында сондай-ақ ет өндірісі
қарқынды дамып келеді. Өңірде жылына 130 мың тоннадан астам ет өндіріледі.
Республика бойынша ет экспортында көш бастап тұр. Жылдың алғашқы жартысында
сыртқы нарыққа 10 мың тонна ірі қара еті және 14 мың тонна қой еті шығарылды.
Мәселен, Арыс қаласында 50 мың бас мал бордақылайтын алаң ашылса, Қазығұрт
ауданында етті сиырлардан түрлі шұжық және ет өнімдері шығарылып, дүкен
сөрелеріне жеткізілуде.
Зульфия Жамалова, компанияның өндірістік директоры:
Етті біз өзіміздің фермадан аламыз. Өзіміз бордақылаймыз. Ет өнімдерімізге сұраныс өте жоғары. Тәулігіне біз 50 тоннадан астам шұжық өнімдерін шығарамыз. Алдағы жоспарда шетел нарығына шығу жоспарда бар. Атап айтқанда, Араб әмірлігіне, Ресей еліне өзіміздің шұжықты шығару жоспарда бар.
Облыста мал басын көбейту мен бордақылау алаңдарын дамыту, ет өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту және өндірістік тізбекті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аграрлық сектордағы мұндай жобалар өңір экономикасының тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы