Басты Жаңалықтар Ертеңнен бастап ұялы байланыс саласында жаңа талаптар күшіне енеді

Ертеңнен бастап ұялы байланыс саласында жаңа талаптар күшіне енеді

Ертеңнен бастап ұялы байланыс саласында жаңа талаптар күшіне енеді. Өзгерістер тарифтің қымбаттауы туралы абоненттерді алдын ала хабардар етуден бастап, смартфондарды сатуға қойылатын талаптарға дейін қамтиды. Жаңа талаптар қандай? Ал смартфон сатып аларда нені міндетті түрде тексеру керек? 

Айнұр Маратқызы, тілші:

Енді ұялы байланыс операторы тариф құнын көтеру туралы шешім қабылдаса, абонентке кемінде екі ай бұрын SMS арқылы хабарлауға міндетті. Ал тарифтің өзгеретіні туралы ақпарат оператордың интернет-ресурсында да алдын ала жариялануы тиіс. Бұл абонентке жаңа баға күшіне енгенше шешім қабылдауға мүмкіндік бермек. Жаңа талаптарға сәйкес, мобильді операторлар әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар: eGov, eGov Business,  eOtinish,  Aitu мобильді қосымшаларына тәулік бойы тегін қолжетімділікті қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар 20 тамыздан бастап смартфондарды сатуға қатысты талаптар да күшейеді.  Енді сатушы сатып алушыға құрылғының IMEI-кодын төлем жасағанға дейін көрсетуге міндетті. Яғни тұтынушы телефонды сатып алмас бұрын оның IMEI мәртебесін тексеру қажет. Сонымен қатар IMEI: фискалдық чекте, сатып алуды растайтын құжатта көрсетілуі тиіс. Ал смартфон  кодын *#06# пәрменін теру арқылы білуге болады. Сондай-ақ кодты телефонның баптауларына, құрылғының қорабынан, кепілдік құжатынан таба аласыз.  IMEI мәртебесін imei.rfs.gov.kz сервисіненен де тексеруге болады. Ең маңыздысы - телефондағы код, қораптағы және сатып алу құжатындағы кодпен бірдей болуы керек. Ал верификациядан өтпеген смартфондарды сатуға мүлде тыйым салынады. Талапқа сәйкес келмейтін құрылғыны сатып алған тұтынушы қолданыстағы заңнамаға сәйкес сатушыдан тауарды ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды, сондай-ақ басқа да заңда көзделген талаптарды қоюға құқылы. Сатушы техникалық сұранысқа сәйкес келмейтін тауарды өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке де тартылуы мүмкін. Бұл ереже маркетплейстерге де қатысты.


Бөлісу