Басты Жаңалықтар Президент елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Президент елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 9 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. Салтанатты рәсімге Молдова, Вьетнам, Корея Республикасы, Словакия, Германия, Оңтүстік Африка Республикасы, Әзербайжан, Словения және Намибия елінің жаңадан тағайындалған дипломаттары қатысты.

Тәуелсіздік сарайы. Сарбаздар сап түзеп, көк кілем төселді. Алғаш рет сенім салтанат құрған рәсім осы ғимаратта өтіп жатыр. Дипломатиялық миссиясын енді бастаған елшілерге ерекше құрмет көрсетілді.

Әр құрлықта орналасқан бұл елдер Қазақстаннан алшақ жатыр. Алайда жаһандану заманында алыс-жақын деген түсінік жоқ. Сенім грамотасын қабылдаған Мемлекет басшысы Қазақстанның бейбітсүйгіш бағдар ұстанатынын тағы бір еске салды. Еліміздің экономикалық әлеуеті мен инвестиция тарту ісіндегі табыстарын да тілге тиек етті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз елімізге шетел инвестициясын тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасап отырмыз. Әлбетте, Қазақстанға келіп жұмыс істегісі келетін шетелдік кәсіпкерлерді және ірі компанияларды құшақ жая қарсы аламыз. Өздеріңіз білетіндей, біздің нарықта ірі халықаралық компаниялардың басым бөлігі қызмет етеді. Бұл саясаттан айнымайтынымызға сенімдімін. Шетелдік инвестицияға қатысты ашық есік саясатын дәйекті түрде жалғастыруға ниеттіміз.  

Президент елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформаларға да тоқталды. Оның қисынды жалғасы тарихи Құрылтай сайлауы болмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі түбегейлі өзгерістер халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастықты нығайтатын тың мүмкіндіктерге жол ашатынына сенім білдірді. Ал ел аралық ынтымақтың ырысты әрі табысты болуына елшілердің үлесі мол. Дипломаттар мемлекеттер арасындағы байланысты бекемдеуге барын салмақ.

Хайке Ренате Пайч, Германия Федеративтік Республикасының елшісі:

Қазақстан - Германияның Орталық Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі. Келесі жылы екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толады. Алдағы уақытта климат, қоршаған ортаны қорғау, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтеміз деп сенемін. Сондай-ақ осы бағыттарда бірқатар бірлескен жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

Алимирзамин Аскеров, Әзербайжан Республикасының елшісі:

Мен үшін бауырлас елде қызмет ету - үлкен мәртебе. Қазір екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Алдағы уақытта осы байланысты одан әрі нығайтуға бар күш-жігерімді саламын.

Иә, Қазақстан қашан да барлық елмен достық қарым-қатынас орнатуға бейілді. Жиын соңында Мемлекет басшысы елшілерге табыс тілеп, екіжақты серіктестіктің одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Бөлісу