Ағза трансплантациясына донор тапшы
Қазақстанда 4 700-ден астам адам донор ағзасын күтіп отыр. Олардың басым бөлігіне бүйрек трансплантациясы қажет болса, бауыр, жүрек және өкпе алмастыруды күткендер де бар. Шымкент дәрігерлері мұндай оталарды 13 жылдан бері жасап келеді. Алайда тәжірибе жеткілікті болғанымен, донор тапшылығы өзекті күйінде қалып отыр.
Ерсұлтан Айдаров алты жыл бойы гемодиализге тәуелді болды. Аптасына бірнеше рет ауруханаға келіп, әр жолы бірнеше сағат емделетін. Жақында оған бүйрек трансплантациясы жасалды. Енді ол мұнда ұзақ процедура үшін емес, жоспарлы тексерілуге келіп жүр.
Ерсұлтан Айдаров, Шымкент қаласының тұрғыны:
Диализ уақытында ол өте қиын процесс, өте күрделі процесс. Ол дегенің 4 сaғат, aптасына 3 рет мына қолдaн қанды алып, сүзгіден өткізіп фильтр арқылы аппарат шайып, қайтадан таза қанды қайтарып береді. Енді операциядaн кейінгі жағдайым болса, қазір жақсы, анализдерді тапсырып тұрамын, екі апта болды. Операциядан кейінгі жaғдайым көріп тұрсыздар.
Ерсұлтанға донорды ұзақ күтуге тура келді. Уақыт өте келе оның денсаулығы да сыр бере бастады. Ақыры оның өміріне туған әпкесі араша түсті.
Бақытжан Позилов, қалалық №1 клиникалық аурухананың бас дәрігері:
Бірінші трансплантация бойыншa проблема - донор бойынша, яғни донор аз. Әке-шешесі, бауырлары, ағасы-інісі, әпкесі-қарындасы деген сияқты немесе әйелі күйеуіне бере aлады - болды. Басқа бөтен адам бұл органды бере алмайды және ол заңмен шектелген, бұл өте дұрыс.
Туыстық донор талай науқастың үкілеген үміті. Бірақ бұл жол бәріне бірдей бұйыра бермейді. Кей жағдайда жақын туысының ағзасы сәйкес келмеуі мүмкін. Дәрігерлер мұндайда мәйіттік донорлықты дамытудың маңызы зор екенін айтады.
Рахымжан Үмбетжанов, хирург-трансплантолог:
Жылына жүз адaмдай статистика бойынша диализге отырып жатыр. Ол біздің елге өте қауіпті, біздің елдің проблемасы деп айтсақ та болaды. Соны шешу мәселесінде олардың ата-анасының, бауырларының органдарының сәйкес келмеуі де болaды. Сол себептен мәйіттік трaнсплантацияны дамытaтын болсақ, осы біздің өзіміздің қандастарымызды, Шымкент қаласының тұрғындарының өмірін құтқаруға болады.
Шаһарда
трансплантация жасауға тәжірибе де, мүмкіндік те бар. Хирургтар айына 30-ға
дейін ота жасауға дайын, алайда іс жүзінде бұл көрсеткіш алтыдан аспайды. Бұған
басты себеп - донор ағзаларының тапшылығы. Дәрігерлер мәйіттік донорлық дамымаса,
кезекте тұрған талай науқас қажетті ағзасына жете алмай қалуы мүмкін екенін
айтады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы