Құрылтай сайлауына 4 күн қалды
Құрылтай сайлауына 4 күн қалды. Ал партиялардың үгіт-насихаты екі күннен соң яғни жұмада аяқталады. Қазір 7 саяси ұйымнан ұсынылған кандидаттар өңірлердегі соңғы кездесулерін өткізіп жатыр. Олар еңбек ұжымдарына, ауылдар мен қалаларға барып, сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп жүр.
Астанада «Әділет» партиясының ұйымдастыруымен тұрғын үй қорын басқару мәселелеріне арналған алғашқы республикалық диалог алаңы өтті. Оған өңірлерден екі мыңға жуық адам қатысты. Оның ішінде мүлік иелері бірлестігі мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары мен тұрғындар да бар. Жиында инженерлік желілерді жаңарту, күрделі жөндеу, қаржыландыру, құрылыс ақаулары, тараптардың жауапкершілігі мәселелері талқыланды.
Айбек Дәдебай, «Әділет» партиясының төрағасы:
Аулалар мен кірберістердің таза әрі ұқыпты болуы - ең алдымен, өзіміз үшін маңызды. Президентіміз коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртып, осы саладағы барлық тараптың жауапкершілігін арттыру міндетін де қойып отыр алдымызға.
Жалпыұлттық-социал демократиялық партиясының өкілдері Абай облысындағы Көкпекті ауылының тұрғындарымен кездесті. Саяси ұйым өкілі сайлауалды бағдарламасын таныстырып, әлеуметтік мәселелерді тыңдады.
Ал Петропавлда «Жаңа Қазақстан: Құрылтайға сайлау - азаматтардың дауысы» атты дөңгелек үстел өтті. Қатысушылардың айтуынша, Құрылтай сайлауы елдегі демократиялық институттардың дамуына тың серпін берді.
Александр Павлов, ЖСДП СҚО филиалының төрағасы:
Бізге келген тұрғындар сан алуан мәселе көтереді. Оның басым бөлігі жер үлесі, экология, жол инфрақұрылымы, интернет алаяқтығына байланысты. Мамандар әр шағым бойынша құқықтық кеңес беріп, мүмкіндігіне қарай шешуге тырысады.
«Байтақ» жасылдар партиясының сайлауалды үгіт-насихат науқаны Астанада жалғасты. Бұл жолы саяси ұйым өкілдері «Жасыл аймақ» ұйымының қызметкерлерімен кездесті. Жиында партияның тұғырнамасы таныстырылып, экологиялық мәселелер көтерілді. Оның ішінде қала ішін абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын уақытылы бастауға қатысты ұсыныстар айтылды.
Нариман Баубек, «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Бүгінгі жиынның мен үшін маңызы зор. Себебі мұнда экологиялық түйткілдерге бей-жай қарамайтын азаматтар жиналды. Мен өз баяндамамда қазіргі ғаламдық экологиялық ахуал қаншалықты қиын екенін түсіндіруге тырыстым. Бұл істе бірігіп әрекет ету маңызды.
Қостанайда Қазақстан халық партиясы өкілдері зейнеткерлермен кездесті. Жиын барысында партияның алдағы мақсат-міндеттері, сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары таныстырылды. Негізінен әлеуметтік салаға қатысты мәселелер сөз болды. Медицина, білім берудегі түйткілдер ашық айтылып, оларды шешудің тетіктері талқыланды. Сондай-ақ ауыл-аймақтың әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту жайлы пікір алмасты. Айта кетейік, Қазақстан халық партиясынан Құрылтай сайлауына 72 кандидат түседі. Оның ішінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтардың үлесі 41%-тен асады.
Нұржан Биякаев, Қазақстан халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Сайлаушылар негізінен ауыл тұрғындары, шағын мектептер, онда оқитын балалардың жағдайы, елді мекендерде медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі сияқты мәселені жиі көтереді. Осыларды нақты шешу үшін заңға өзгерістер еңгізу керек. Дұрыс жүйеленіп, қабылданған заң арқылы ғана бұл мәселелерді жөнге келтіруге болады.
«Ауыл» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Солтүстік Қазақстан облысы Торанғұл ауылындағы шаруашылық ұжымымен кездесті. Жиында қала мен ауылды бірдей дамыту, өңірлер арасындағы алшақтықты азайту жайы сөз болды. Кандидаттар мал шаруашылығын, қайта өңдеу саласын дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау, азық-түлік қауіпсіздігі және ауызсу мәселелері талқылады. Партия өкілдері тұрғындармен пікір алмасып, ауылдық жерлерде қандай түйіткілді проблемалар барын білді.
Қанат Асқаров, «Ауыл» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Халыққа түсіндірмелер жүргіздік. Біздің партияның жоспарын айттық. Айдың ішінде біраз жұмыстар істелді.
Шымкентте «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері №1 қалалық клиникалық ауруханаға барып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Кандидаттар саяси ұйымның бағдарламасын таныстырып, жаднама материалдарын таратты. Жиында кадр тапшылығы, медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру жайы сөз болды. Сонымен бірге сала мамандары өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Бақдәулет Мәлімов, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат:
Партиямыздың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен таныстырып, сайлаушыларымыздың алдында сұрақтарының барлығына жауап бердік. «Ақ жол» демократиялық партиясының Шымкент қалалық филиалы одан әрі үгіт-насихат жұмысын жалғастырады. Басқа да мекемелермен, білім саласының мекемелерімен.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы