Басты Жаңалықтар Отандық өнім үлесі артты

Отандық өнім үлесі артты

Павлодар облысы макроэкономикалық көрсеткіштердің өсу қарқыны бойынша елдегі үздік төрт өңірдің қатарына кірді. Бұл отандық өнім өндірісін арттырудың арқасында қол жеткізген нәтиже. Мәселен, өндеу өнеркәсібінде өсім 10,7 пайыз. Ал қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 109,8%-ға жетті. Бұл республикалық көрсеткіштен 4,9%-ға жоғары. Тақырыпты меншікті тілшіміз зерделеп көрді.

Биылғы жылдың жеті айында өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,5 трлн теңгеге жетті. Ал ішкі сауда көлемі 25,4%-ға өскен. Бастысы отандық кәсіпорындардың өз өнімдерін ішкі нарыққа бейімдеу арқылы да көл-көсір пайда таба алатындықтарына көз жетті.

Талғат Әубәкіров, Құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын өкілі:

Қазақстанның әр аймақтарына байланысты сапасы әртүрлі болады. Мысалы, жылы жақты алып қарасақ, оңтүстіктің мысалы, битумды шатыр жабындылары кішкене басқа  болады, ол температурасына байланысты. Солтүстік жақтарға басқаша жасаймыз.

Нақтырақ айтқанда, бір өнім әр өңірдің климаттық ерекшелігіне лайықталып жасалады. Сондықтан сұранысқа ие. Және бұл әдіс  импортты алмастыруға жол ашады. Қазір павлодарлық мердігерлер нысандардың төбесін жабуға арналған жұмсақ битумды жабындылар қажет болған жағдайда тек қана жергілікті өнімді алады.

Самал Бексұлтанова, кәсіпорынның бөлім басшысы:

Кәсіпорнымыз 2004 жылдан бері жұмыс істейді. 110 адам тұрақты еңбек етеді. Өндірісті арттыру үшін біз мемлекеттен әлеуметтік битум аламыз және банктерден төмен пайызбен несие аламыз. Үкімет несиеге субсидия жасайды.

Мемлекет мұндай жеңілдікті таза отандық өнім шығаратын кәсіпорындарға ғана береді. Осы талапқа сай болу үшін кәсіпкерлер өңірлердегі шикізат қорымен жұмыс істеуге мүдделі. Бұл пенополиуретан, яғни жылу шығынын барынша азайтуға арналған құбырлар шығарумен айналысатын кәсіпорын. Диаметрі 32 миллиметрден бастап,  ірі жылу магистральдарына арналған 1220 миллиметрге дейінгі құбырларды жасайды.

Төлеген Жунусов, цех басшысы:

Біз таза қазақстандық өнімді қолданамыз. Мысалы, Саран қаласындағы темір болатты құбырларды қолданып, біздің кәсіпорында жылу оқшаулағышпен қаптап, таза өзіміздің өнімімізді өндіреміз.

Өңірдегі шағын және орта бизнес нысандары өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 494,2 млрд теңгенің өнімін артық шығарған. Бұл - өндірісті ішкі нарық сұранысына сай әртараптандырудың нәтижесі. Ең бастысы  мемлекет тарапынан қолдау бар, сондықтан сырттан келетін тауарға бәсекелестікте  дес бермей тұрмыз, дейді отандық өнім өндірушілер.

Бөлісу