eGov GPT: Цифрлық қызметтер саны 150-ге дейін артады
Мемлекеттік қызметті маманның көмегінсіз алуға болады. Қазір осындай 50 сервис қолжетімді. Жыл соңына дейін eGov GPT-ге тағы 100 қызмет түрі қосылады. Нақты қандай анықтамаларды бір чаттың көмегімен рәсімдеуге болады? Жасанды интеллект мемлекеттік қызмет алуды қаншалықты жеңілдетеді.
Назерке Өтеген, тілші:
eGovGPT мынадай алгоритммен жұмыс істейді. Алдымен eGov Mobile қосымшасын ашып, жоғарыдағы цифрлық көмекшіге кіресіз. Чатқа қажетті қызмет туралы сұрағыңызды жазасыз. Жүйе сұрағыңызды түсініп, сізге керек мемлекеттік қызметті анықтайды. Одан кейін өтінішті ЭЦҚ немесе SMS арқылы растайсыз. Ол өңделіп, бірнеше секундта қажетті анықтаманы сізге жолдайды.
Анар Мағзұмова, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ департамент директоры:
Осы eGovGPT ақпан айынан бастап жүзеге асырылды. Осы уақыттан бері 167 мың адам eGovGPT-ге тіркелген. Күн сайын, ай сайын және ақпан айынан бастап қызмет іске қосылды. Содан бері барлық көрсетілген қызметтердің 30 пайызы eGovGPT арқылы алынады.
Қазір eGov GPT цифрлық ассистенті арқылы 50 мемлекеттік сервис қолжетімді. Бұл қызметтер халықтың сұранысы негізінде іріктелген.
Олардың қатарында: жұмыссыздық және соттылығы туралы анықтама, несие тарихы туралы есеп, тіркелген емханаңыз туралы ақпарат пен шекара маңындағы елді мекенде тұратыныңыз туралы мәлімет бар. Жыл соңына дейін eGov GPT арқылы қолжетімді қызметтер саны 150-ге дейін артпақ. Қандай бағыттарды қамтитыны қазақстандықтардың сұранысына қарай толықтырылады.
Десе де азаматтардың бәрі бәрдей оны қалай пайдалануды білмейді. Осыған байланысты елімізде маусым айынан бастап Smart Point орталықтар іске қосылды. Мұнда мамандар мемлекеттік қызметті жасанды интеллект көмегімен алуды үйретеді.
Айгүл Артабаева, қала тұрғыны:
Қазір жастарға жеңіл шығар телефон арқылы істегенге. Біздерге біраз қиынырақ. Біздің жастағы адамдарға. Көп нәрсені түсінбейміз. Ал мұнда жақсы, бәрін түсіндіреді. Қазір мен үйреніп алсам, кейін өзіме де жеңіл. Мен өзім үйден де жасай аламын.
Назерке Өтеген, тілші:
Smart Point үш аймақтан тұрады. eGovGPT қызметтерін пайдалану, міне, мына Цифрлық аймаққа жатады. Экспресс-аймақта жеке куәлік пен паспортқа өтінімді арнайы терминал арқылы өз бетіңізше бере аласыз. Күрделі мәселелер бойынша маман кеңесіне жүгіну үшін сараптамалық аймаққа өтесіз. Цифрлық сауатыңызды тегін арттырғысы келетіндерге оқыту бөлімі жұмыс істейді. Мұндай орталық алғаш рет Ұлытау облысында ашылды. Кейін Түркістанда жұмысын бастады. Заманауи халыққа қызмет көрсету орталығы Астанада 3 шілдеде іске қосылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы