Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына шолу

Ел жаңалықтарына шолу

Мал шаруашылығына 5 миллиард теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі

Мал шаруашылығына 5 миллиард теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі. Бұл қаражатты ауқымды жобаларға арналған «Береке» бағдарламасы арқылы алуға болады. Қазір «Игілік», «Береке» бағдарламалары жүзеге асып жатыр. Қаржы Асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуға арналған.  Екі бағдарлама бойынша да жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-дан аспайды. Ал несиелеу мерзімі 7 жылға дейін.

Су саласы мамандарының жалақысы екі есе өсті

Елімізде су саласы мамандарының жалақысы екі есе өсті. Атап айтқанда, 2024 жылы кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25%-ға артты. Былтыр 1 шілдеден бастап жалақы тағы 35-50%-ға, ал биыл 1 сәуірден бастап қосымша 15%-ға көтерілді. Қазіргі уақытта «Қазсушар» қызметкерлерінің орташа жалақысы 326 мың теңге. Ал ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 212 мың теңгеге дейін өсті.

Қазақстан кофе сатып алудан рекорд орнатты

Қазақстан кофе сатып алудан рекорд орнатты. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, биыл бірінші жартыжылдықта елімізге рекордтық көлемде кофе әкелінген. Қаңтар-маусым аралығында Қазақстанға шамамен 3,2 мың тонна кофе импортталды. Өткен жылдың осы  кезеңімен салыстырғанда бұл 38%-ға көп және 2015 жылдан бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Кофеге жұмсалған қаржы да айтарлықтай өскен. Жарты жылда еліміз импортқа 27 млн доллардан аса қаражат төледі.

Ғ.Расулхан дзюдодан жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы атанды

Ғабит Расулхан дзюдодан жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы атанды.  Дода Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатыр. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен ол финалда Канада спортшысы Роман Семирозумды жеңді. Сондай-ақ дзюдошы финалға дейін Алжир, Түркия, Украина, Жапония спортшыларын жарыс жолынан шығарды. Айта кетейік, 23 тамызға дейін жалғасатын әлем біріншілігіне 59 елден 457 жасөспірім қатысып жатыр.


Бөлісу