Президент: 23 тамыз – ел тағдыры үшін бетбұрысты сәт
Құрылтай сайлауы қарсаңында бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына үндеу жасады. Президент осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екенін айтып, тұрғындарды сайлауға қатысуға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, бұл науқан – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға болмақ. Сондықтан алдағы жексенбі ел тағдыры үшін бетбұрысты сәт болатынын айтты. Сонымен қатар халқымыздың игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болып, қазіргі Қазақстан жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады деді. Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы әрі өркениетті сипатта өткенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл сайлау ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатыны анық. Партиялар сайлаушылармен кездесу кезінде, сондай-ақ ақпараттағы үгіт-насихат, жалпыұлттық теледебаттар, әлеуметтік желідегі пікірталастар барысында өз бағдарламаларын кеңінен әрі дәйекті түрде таныстырды. Бір сөзбен, азаматтарымыз партиялардың ел болашағына қатысты ұстанымын мұқият зерделеуге мүмкіндік алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды
Мемлекет басшысының сөзінше, сайлауалды науқан еліміздегі қоғамдық күн тәртібі өзгергенін, жасампаздық пен өркендеу идеясы мемлекет саясатының арқауына айналғанын айқын көрсетті. Жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды ұсыныстар айтыла бастады. Бұл – түбегейлі саяси жаңғырумен қатар, ұлтымыздың қайта жанданған пассионарлық қуатын танытатын маңызды нышан. Президенттің пікірінше, Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, ол ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Адамдар көп жағдайда қабылданған маңызды шешімдердің шынайы құндылығын жылдар өткен соң ғана түсінеді. Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады. Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екені сөзсіз. Құрметті отандастар, еліміздің келешегі әр азаматтың саналы таңдауына байланысты болмақ. Сайлауға қатысу дегеніміз – халықтың өз ықтиярын білдіру, ел тағдырына бей-жай қарамай, азаматтық жауапкершілік таныту, ел игілігі үшін өнегелі іс жасау деген сөз. Дүние жүзінде миллиондаған адам өз сайлау құқы үшін күресуде. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген мақал бар. Азаматтарды, әсіресе, жастарды сайлауға келіп, өз таңдауын жасауға, яғни Қазақстанның табысты дамуына үлес қосуға шақырамын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы