Басты Жаңалықтар Бүгін үгіт-насихат науқаны аяқталады

Бүгін үгіт-насихат науқаны аяқталады

Санаулы сағаттан соң Құрылтай сайлауы алдындағы үгіт-насихат аяқталады. Бүгін саяси додаға түсетін барлық жеті партия науқанда атқарған жұмыстарын қорытындылады. Кандидаттар бір айға жуық уақыт электоратқа сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, қордаланған мәселелеріне қанықты.  

Астанада «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабтың қорытынды отырысы өтті. Жиында науқан кезінде еліміздің барлық аймағында 247 сайлауалды штабы жұмыс істегені айтылды. Кандидаттар қалалар мен ауылдарда, кәсіпорындар мен қоғамдық алаңдарда кездесу өткізген. Ал саяси ұйымның  мобильді керуені 17 облысты аралап, 14 мыңға жуық тұрғынмен кездескен. Мобильді топтар 1,36 млн адамды қамтыған.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы қорытынды форумын өткізді. Жиында үгіт-насихат жұмыстары мен атқарылған іс-шаралардың қорытындысы шығарылды. Саяси ұйым науқан кезінде «Халықтық телефон» және «Болашақ құрылтайға хат жолдау» жобасын қосқан. Нәтижесінде 800 адам қоңырау шалса, 1700-ден астам хат жолданған.
Еске сала кетейік, партия Құрылтай сайлауына 33 кандидат ұсынды.

«Байтақ» жасылдар партиясы да сайлауалды үгіт-насихат тобының жұмысын аяқтады. Осы электоралды кезеңде партия мүшелері елдің түкпір-түкпірін аралап, экологиялық бағытта жиындар өткізген. Кездесу барысында аймақтарда қордаланған тақырыптар талқыланып, оны шешу жолдары қарастырылған еді. Партия төрағасы ұйым жақтастарының көбейгенін, бұл жолғы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Нәтижесінде мыңнан астам жиын өткізіліпті. Бүгін партияның бір айда атқарған жұмысын әлемдік бақылаушылар тексеріп жатыр. Айта кетейік, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай сайлауына 47 адам түсіп жатыр. Партиялық тізімге енген әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үлесі 38%-тен асады.

Қазақстан Халық партиясы үгіт-насихат науқанын қорытындылады. Бір ай ішінде кандидаттар мыңнан астам кездесу өткізіп, 100 мыңнан аса азаматпен тілдесіп үлгерген. Жұмыстың негізгі бөлігі ауылдар мен моноқалаларда жүргізілген. Сайлауалды штаб міндетін 100 пайыз орындады, дейді саяси ұйым өкілдері.
Айта кетейік, Қазақстан халық партиясынан Құрылтай сайлауына 72 адам түседі.

«Ауыл» партиясы да үгіт-насихат жұмыстарын қорытындылады. Бір ай ішінде партия өкілдері мен депутаттыққа үміткерлер еліміздің барлық өңірін аралап, 4 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырған. Оған шамамен 1,5 млн адам қатысқан. Кандидаттар ауыл тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен, фермерлермен, кәсіпкерлермен, жастармен кездескен. Пікір алмасу кезінде сайлаушылар әлеуметтік мәселелерді көтерген.

«Ақ жол» демократиялық партиясының кандидаттары үгіт-насихат науқанының соңғы күнінде Түркістанға барды. Депутаттыққа кандидаттар жиһаз зауытының ұжымымен кездесті. Үміткерлер жұмысшылармен бизнеске жағдай жасау, жастарды тұрғын үймен қамту және жұмыссыздықты жою мәселесін талқылады. Айта кетейік, «Ақ жол» партиясы елдің барлық өңірінде сайлауалды кездесу өткізіп, оған 150 мыңнан аса адам қатысқан.

«Respublica» партиясы да сайлауалды штабының қорытынды отырысын өткізді. Науқан кезінде саяси ұйымның республикалық және өңірлік штабтары күнделікті үгіт жұмысын жүргізген. Бірнеше апта ішінде партия өкілдері 20 өңірді аралап, 800-ден астам кәсіпорында болып, 15 мың шақырым жол жүріп өтті. Құрылтай депутаттығына 75 кандидат 1,3 миллионнан астам қазақстандықпен кездескен.

Бүгін түнге сағат он екіде үгіт-насихат науқаны аяқталады. Ертең тыныштық күні. Айта кетейік, саяси науқанда 145 депутаттық мандат үшін 7 партияның 545 кандидаты бақ сынайды.

Бөлісу