«Қазақфильм» аумағында заманауи саябақ ашылады
Атақты «Қазақфильм» киностудиясының аумағында заманауи тақырыптық саябақ бой көтереді. Алматыға жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қала әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге ауқымды жобаның барысымен танысты. «Қазақфильм» киностудиясының қазіргі жағдайын, өндірістік әлеуетін және алдағы даму жоспарларын зерделеді. Әсіресе киностудия аумағын абаттандыру мен оның мәдени-туристік әлеуетін арттыру мәселесіне қатысты тапсырмалар жүктеді. Толығырақ Жазира Оразқызы баяндайды.
«Қазақфильм» киностудиясы – ұлттық кино өнерінің қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан тарихи мекеме. Жоспарға сәйкес, Алматы әкімдігі киностудияға іргелес 5,5 гектар аумақта отандық кино тарихы мен көрнекті кино қайраткерлеріне арналған заманауи тақырыптық саябақ құруды көздеп отыр. Алдағы уақытта нысан мәдени-ағартушылық іс-шаралар, кездесулер мен шығармашылық жобалар өткізетін жаңа алаңға айналмақ.
Батырхан Сүлейменов, қалалық Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысы:
Вице-премьер атап өткендей, киностудия аумағы қараусыз қалып және көпшілік үшін жабық болатын. Құрылыс жұмыстары біткен соң саябақ ашылып, оның аумағы отбасылық демалысқа арналған орын болады. Әрі бұл кеңістік Алматының мәдени ортасын толықтырып, кино тарихын көпшілікке кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.
Аида Балаеваның айтуынша, ұлттық киностудияны барынша сақтап қалу мемлекет үшін аса маңызды. Бір кездері «Қазақфильмді» банкроттыққа ұшырату әрекеттері жасалып, киностудияның мәртебесі қатардағы продюсерлік компания деңгейіне түсе жаздаған. Осыған байланысты заңнамалық деңгейде бірқатар қолдау шарасы қабылданды. Соның ішінде киностудияны мемлекет тарапынан тікелей қаржыландыру да көзделген, деді Аида Балаева.
Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазақфильммен» бірлесіп, киностудия аумағының қалған бөлігін кешенді жаңарту мәселесін пысықтап жатыр.
Құрманбек Жұмағали, Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысы:
Осының барлығы не үшін жасалып жатыр? Жаңа бір тарих басталсын, ел үшін, қоғам үшін пайдалы іс болсын, кино саласының мамандары осы қазақ киносының жарқын-жарқын жобаларымен қуанатын болсын деген ниетпен басталып жатқан жұмыстар.
Аида Балаева киностудия аумағын кең көлемде абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жөнінде шешім қабылдаған Алматы әкіміне алғысын жеткізді. Қазір «Қазақфильмді» жаңғырту аясында реквизиттер мен кино жабдықтарын цифрландыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ соңғы 15 жылда алғаш рет демеушілердің қаржысы есебінен киностудияда ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоспарланған өзгерістер қазақ киносының қара шаңырағы – «Қазақфильмнің» өндірістік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, оны отандық кино тарихы мен мәдениетін дәріптейтін заманауи кеңістікке айналдыруды көздейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы