Басты Жаңалықтар Ақмола облысында логопед мамандарға сұраныс артты

Ақмола облысында логопед мамандарға сұраныс артты

Бүгінде бала тілінің кеш шығу үрдісі белең алды. Тек Ақмола облысында сөйлемей жүрген 5 жарым мыңға жуық бала бар екен. Осыған байланысты логопед мамандарға сұраныс артты. Білім басқармасы мәселені балабақшаларда логопедиялық топтар ашу арқылы шешуді көздеп отыр. Қазіргі уақытта Көкшетаудағы арнайы топтарға 73 бала кезекте тұр.

Диана Райымбекова екі баланың анасы. Үлкен қызының тілі бір жастан асқанда шыққан. Сондықтан екі жасар ұлының сөйлемейтініне алаңдайды. Неврологқа көрсетіп, баласын дәрігердің кеңесі бойынша дамытуға бел буған.

Диана Райымбекова, ата-ана:

Ұлым екіден асты, бірақ әлі күнге дейін сөйлемейді. Сөйлемеудің қандай себептері бар деп, күнде-күнде сұрақ қойып, әртүрлі интернеттен видеолар қарап, мамандарға жүгінуге бел будым. Көбінесе үлкен кісілер айтып жүреді. Ой, ол 5-6 жасында сөйлеген деп. Ол дұрыс емес деп есептеймін.

Мамандар бала тілінің кеш шығуын заманауи өмір салтымен, яғни технологияның дамуымен және медициналық факторлармен байланыстырады.

Балдырған Аулабаева, логопед:

Балалар көбіне гаджеттермен, телефондармен үндемей отырып, экрандағы суретті, мультфильмді қарап, қадағалап, әр функцияны жаттап алады. Ата-ана балам дамып жатыр деп ойлайды. Бала адамдардың сөйлегенін құлағымен естуі керек.

Мамандар баламен көп сөйлесіп, саусақ моторикасын дамытуға кеңес береді. Ал үш жасқа толған бала толыққанды сөйлемесе, психологиялық-медициналық педагогикалық комиссияның алдынан өтуі тиіс.

Анаргүл Баймұратова, облыстық Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің әдіскері:

Ақмола облысы бойынша сөйлеу тілінің бұзылуы бойынша 5440 бала тіркелген. Логопедиялық топтарға Көкшетау қаласы бойынша 73 бала кезекте тұр. Оның ішінде бізде көбінесе 3 пен 5 жастағы балалар. Оның жалпы дамуының 1,2,3 деңгейдегі балаларды қарастырамыз. Кезекке қоямыз.

Бүгінде Көкшетаудағы 51 балабақшаның тек 9-ында ғана логопедиялық топ бар. Барлығы 15 топ. Оның үстіне бала тілінің толық шықпауы 6-7 жасқа дейін де жалғасып жатыр. Яғни, мектептерде де логопед мамандар қажет.

Кенжегүл Жұбай, ата-ана:

Менің екі балам, үлкені 1-сыныпқа барады. Екіншісі даярлық тобына барады. Бәкей Нұрмұхамед пен Бәкей Нұрайымды алып келіп отырмын. Бәкей Нұрмұхаммедте бізде жазуда, дыбыстарды айтуында кемшіліктер бар. ПМПК-ға өтініш беріп келіп отырмын.

Бүгінде балалардың сөйлеп кетуін балабақша мен мектептерде арнайы топтар мен сыныптар ашу арқылы шешу мықтап қолға алынды. Облыстағы 593 балабақшада бүгінде 52 арнайы топ ашылған, оның ішінде логопедиялық топтар да бар.

Бөлісу