Басты Жаңалықтар Сайлау учаскелерінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактісі тіркелмеген

Сайлау учаскелерінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактісі тіркелмеген

Бірде-бір сайлау учаскесінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілеріне жол берілген жоқ. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің өкілі мәлімдеді. Құрылтай депутаттарын сайлау күні еліміздің барлық өңірінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Сайлау комиссияларының, байқаушылардың қауіпсіз жұмыс істеуіне және азаматтардың өз еркін білдіруіне қажетті жағдайлар жасалды. Сондай-ақ, онлайн телемарафон аясында өткен брифингте Бас прокуратурасының ресми өкілі Ерлан Жанпейсов те дауыс беру процесі тыныш жағдайда өткенін айтты.

Ерлан Жанпейсов, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:

Дауыс беру процесі тыныш жағдайда өтті. Соттарға арыздар түспеген. Прокуратура органдары сайлау бойынша өтініштерді қараған жоқ. Дауыс беру процесі аяқталғанға дейін бүгін Астана, Алматы, Шымкент, Орал және Қостанай қалаларында прокурорлар қысқартылған тәртіппен жеті азаматты айыппұлға тартты. Олардың барлығы, толтырылған бюллетеньдердің суреттерін таратуға байланысты, бұл - заңсыз үгіт. Заң бұзушылар өз кінәсін мойындады, сонымен қатар интернеттегі жазбаларын жойды. Басқа тарту фактілері болған жоқ.



Бөлісу