Басты Жаңалықтар Құрылтай сайлауына 61 мемлекетте 79 сайлау учаскесі құрылды

Құрылтай сайлауына 61 мемлекетте 79 сайлау учаскесі құрылды

Құрылтай депутаттарын сайлауға Қазақстан азаматтары үшін 61 мемлекетте 79 сайлау учаскесі құрылды. Қазақстан елшіліктері мен консулдықтарында орналасқан учаскелерде Отандастарымыз өз таңдауын жасады. АҚШ, Азия мен Еуропадағы қазақстандықтар саяси науқанға қалай қатысты? Әріптесім Нұрсұлу Қасымның бейнематериалында.

Еліміздің Бельгиядағы елшілігінде орналасқан 405-сайлау учаскесінде дауыс беруге қазақстандықтар елдің түкпір түкпірінен, көршілес Люксембург мемлекетінен жиналды. Қызылордалық Клара Қамиқызына да бұл жолы Брюссельде дауыс беру бұйырыпты. Еуропаға немерелерімен саяхаттап келген ол қазақстандық кәмпиттерден шашу шашып, сайлаудың көрігін қыздырды. Елдің дәмін сағынған қазақстандықтарды базарлығымен бір қуантып тастады.
Клара Есмағанбетова, турист:
Зейнеткермін, қырық жылдан аса білім саласында жұмыс жасағанмын. Осы қыдырып жүргенім шүкір мына бейбітшіліктің, еліміздің тұрақты жағдайының арқасында жүрмін мінекей. Болашағы еліміздің жарқын болсын, дами берсін, балаларымыздың болашағы жарқын болсын.
Ұлт тағдырына тікелей әсер ететін сайлаудан Ұлыбританиядағы отандастарымыз да қалыс қалмады. Мемлекеттің қолдауымен “Болашақ” бағдарламасы бойынша Тұманды Альбионда қазір 250-ден астам студент білім алып жатыр. Жастар ел тарихындағы тартысты науқанға қатысу үшін Лондоннан бес алты сағаттық жердегі қалалардан келді.
Анкара, Ыстанбұл, Измир және Анталия қалаларында орналасқан учаскелерге ел азаматтары таңғы жетіден толассыз келіп, өз таңдауларын жасады. Дені, студенттер, кәсіпкерлер мен халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін азаматтарымыз.
Ержан Уәйс, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Түркиядағы өкілі:
Бұл сайлаудан не күтеміз? Әрине халықтың әл ауқаты, халықтың тұрмысының жақсаруы, халықаралық қатынастарды одан әрі дамыту. Міне осы жолда Мемлекет басшысы Тоқаев мырзаның сан қырлы сыртқы саясат, ішкі саясатта үлкен жұмыс атқарып жатқанын ел қолдайды, мен де қолдаймын.
Ресейде бес дауыс беру учаскесі жұмыс істеді. Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Омбы және Астрахань қалаларындағы сайлау учаскелерінде сайлаушылар ұзын сонар кезекке тұрды. Дауыс беруге ертегінің кейіпкері болып ерекше киініп келгендер сайлаудың сәнін кіргізді. 100 ғалым Ресей астанасынан 125 шақырым жерде орналасқан Дубна қаласынан ат арылтып жеткен.
Нұрзада Сақтағанов, Бязи жоғары энергия физикассы зертханасының ғылыми қызметкері:
Жастарға жаңа программалар, жаңа талдаулар жасап жатыр. Яғни бұл бізге үлкен мүмкіндік. Президентіміздің осы әрбір елмен жақсы қарым-қатынасының арқасында біз қазір Мәскеу облысында үлкен ядролық бағытта білім алып жатырмыз.
Біріккен Араб әмірліктерінде ауа температурасы 40 градустан асты. Аптап ыстыққа қарамастан ел азаматтары дауыс беруге ағылды. Абу Даби, Дубай қалаларындағы сайлау учаскелерінде студенттер мен осы елде демалып жатқан Отандастарымыз дауыс берді. 
АҚШ тағы азаматтарымыз Вашингтон, Нью Йорк, Сан Франциско қалаларындағы үш сайлау учаскесінде дауыс берді. Бәрі шапан, қамзолдарын киіп, саяси науқанға ерекше дайындалған. Сайлаудың маңыздылығын жас ұрпақтың санасына кішкентайынан сіңірейін деп балаларын ерте келген. Туған жердің қадірін шетте жүріп терең түсінген қазақстандықтар ел дамуына қомақты үлес қосуға ниетті.


Бөлісу