Президент дарынды оқушыларды марапаттады
Биыл еліміздің оқушылары 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми сайысқа қатысып, мыңнан астам жүлде жеңіп алды. Соның 200-ден астамы алтын медаль. Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы білім бәйгесінде топ жарған оқушылармен және студенттермен кездесті. Президент дарынды жастарды жарқын жеңістерімен құттықтап, ел абыройын асқақтатқан еңбектеріне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың қабілетін шыңдап, сапалы білім берген ұстаздар қауымына алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды дарынды жастардың елі деп атап, өскелең ұрпақтың түрлі салада, әсіресе білім мен ғылымда үздіктер қатарынан көрініп жүргеніне тоқталды. Мемлекет басшысы жастардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін мемлекет алдағы уақытта да барынша жағдай жасайтынын жеткізді. Кездесу барысында Президент кешегі Құрылтай сайлауының қорытындысына да тоқталды. Мемлекет басшысының пікірінше, сайлау мінсіз ұйымдастырылып, сәтті өтті.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүкіл халқымызға азаматтық кемелдік танытып, жаңару стратегиямызды қолдағаны үшін мың да бір алғысымды айтамын. Сайлау кезінде бір топ байқаушылар, соның ішінде халықаралық байқаушылар өте тиімді жұмыс істеді. Оларға да зор ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне рахметімді айтамын. Олар өте табанды қызмет атқарды.