Басты Жаңалықтар Жамбыл облысында балалардың қатысы бар 301 жол апаты болған

Жамбыл облысында балалардың қатысы бар 301 жол апаты болған

Жамбылда жыл басынан бері балалардың қатысуымен 301 жол апаты тіркелді. Оқыс оқиғалардың алдын алуға аймақ полицейлері жұмыла кірісуге көшті. Өйткені жаңа оқу жылы жақындады. Сондықтан тәртіп сақшылары қауіпсіздік шараларын алдымен ағарту ошақтарының алдынан бастамақ. Бұл бағытта мектептер маңындағы жол белгілерінің 90% түгел ауыстырылған.

Жамбылда жаңа оқу жылына құзырлы орган қызметкерлері қызу кірісті. Полиция тарапы 531 білім нысанына апаратын автожолдарға зерделеу жүргізген. Қортындысында жол белгілерінің ескіргені, ал кей жерлерде жаяу жүргіншілер жолақтары мен жарықтандырудың жоқтығы белгілі болды. Тіпті облыс орталығының өзінде 2200-ге жуық ақау анықталған.

Әсет Оспанов, облыстық ПД бастығының орынбасары:

Кемшіліктер бойынша жергілікті атқару органдарына 242 нұсқама жолданды. Бір ай ішінде осының бәрі жойылу қажет. Бірақ жойылмаған кезде осындай фактілер бойынша лауазымды адамдардың жауапкершілігі қарастырылған.

Жауаптылар жол белгілерін жөнге келтіру бойынша жұмыстың 90% аяқтадық дейді. Қазір қалада 1300-ден аса жаңа жол таңбасы қойылып, 750-і жаңарды. Ал 190 жаяу жүргіншілер жолағы талапқа сай сызылды. Сонымен қатар мектеп, колледж бен балабақшаға дейін қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 700-ден астам полицей бекітілді. 

Саясат Есімбеков, облыстық ПД жедел басқару орталығының аға инспекторы:

ІІМ тапсырмасына сәйкес облыс аумағындағы барлық мектептердегі бейнебақылау камералары 100 пайыз толықтай жедел басқару орталығына қосылу процесі жүргізілуде. Онлайн барлық мектептерді бақылап. құқық бұзушылықтардың, буллингтің алдын алып, тез арада әрекет жасауға мүмкіндік береді.

Енді алда ағарту ошақтарындағы камералар ақылды жүйеге ауысады. Құрылғыларға адам бейнесін танудан бөлек, өрт, буллинг секілді келеңсіз жағдайларды автоматты түрде анықтау тетігін қосу қарастырылып жатыр. Айта кетейік, бүгінде барлық білім ұясындағы камералар іздеудегі қылмыскерлерге дейін танып, дабыл қағады.   


Бөлісу