Басты Жаңалықтар Ресейде жанармай дағдарысының екінші толқыны басталды

Ресейде жанармай дағдарысының екінші толқыны басталды

Ресейде отын тапшылығы қатты сезіле бастады. Мәскеуде де бензин саудасына шектеу енгізілді. Енді бір қолға көп дегенде 40 литр жанар май ғана беріледі. Кей станциялар 20, тіпті 10 литрден артық сатпайды. Мәскеудегі тілішіміз тарқатады.

Мұнай өңдеу тамыз айында әдеттегі 5,5 миллион баррельден 3,8 млнға дейін төмендеді. Ресейдің барлық 85 өңірінде жанармай дағдарысының екінші толқыны басталды. Тіпті әлеуметтік желілерде бензин талондарын сатамыз, ақыға жанармай станциясында кезекте тұрып береміз деген жарнамалар көп. Мәскеудегі жанармай құю бекетінің 80 пайызында бензин тапшы.

Бүгінгі күні Ресейдегі 33 мұнай өңдеу зауытының 10-ы ғана жұмыс істеп тұр. 12-сі шектеулі режимде, ал 11 зауыт істен шыққан. Оны жөндеуге қаражат жоқ. Сонымен қатар, модернизациялауға кем дегенде бес жыл уақыт керек , дейді мамандар. Санкцияға байланысты елде шикізат та жоқ.

Сергей Афонцев, сарапшы:

Бұл Ресейге қарсы экономикалық санкцияларға да байланысты. Саяси, экономикалық шектеулердің салдарынан логистика бұзылды, кей мемлекеттермен алыс-беріс үзілді. Бұл қарапайым халыққа әсер етуде.

Аи-92, Аи-95 маркалы бензин үш айда отыз пайызға қымбаттаған. Тығырықтан шығу үшін Ресей Беларусь, Үндістаннан бөлек, Марокко, Түркиядан жанармай сатып ала бастады. Осы жаздың соңына дейін Балтық порты арқылы 50 мың тонна отын жеткізілмек. Алайда бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге жетпейді. Сондықтан елде экологияға зиянды әсері бар, ең төменгі санаттағы , сапасы «Евро-2», «Евро-5» бензиндері шығарыла бастады.


Бөлісу