Басты Жаңалықтар БҚО-да ауылдағы етікшінің сапалы өнімі жоғары сұранысқа ие

БҚО-да ауылдағы етікшінің сапалы өнімі жоғары сұранысқа ие

Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында аяқкиім тігетін шебер тұрады. Етікшінің мемлекеттік грант алып, өзі ашқан шеберханасы бар. Былғарыдан жасалған сапалы әрі бағасы да қолайлы өнімге сұраныс та көп.

Етікші Сейітқали Шотановтың бір-біріне ұқсамайтын, таза былғарыдан жасалған өнімдері жоғары сұранысқа ие. Шебер қонышты, қонышсыз бәтеңке, мәсі, етік, өзге де маусымдық аяқкиімнің түр-түрін тігеді. Онысы фабрика өнімінен кем түспейді.

Етік тігуді 90-шы жылдары армяндардан үйренеді. Ауылдағы аяқкиім шығаратын цехта тәжірибеден өтеді. Кейін поштаның бір бөлмесін жалға алып, жұмыс істейді. 12 жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен несие әрі грант алып, шеберхана ашады.

Сейітқали Шотанов, етікші:

Материалды жан-жақтан аламын. Самарадан, Алматыдан, Шымкенттен. Теріні бір жерден, табанын бір жерден. Қоспа, химикат, растворларын басқа жерден аламын. Негізінен ер адамдарға, сосын бишілерге тігемін. Тапсырыс берсе, бәрін де жасаймыз: мәсті де, кешкиді де, кроссовканы да.

Ауыл шебері еңбегіне асылық баға сұрамайды. Мұны білетін тұтынушылар қаладан келіп те, тапсырыс беріп, сапалы өнімді алып кетіп жатады. Мысалы, мына былғары аяқкиім 15-ақ мың теңге тұрады.

Ару Жұмабайқызы, Тасқала ауылының тұрғыны:

Мына аяқкиім маған өте қатты ұнап тұр. Алдағы уақытта, күз мезгілінде киюге жеңіл. Материалы жұмсақ. Өзіме қазір тапсырыс бергім келіп тұр. Осы кісіден аяқкиім алған адамдардың бәрі мақтайды жақсы деп етікшіні.

Шеберге бұл өнер әкесінен дарыған. Ол ат әбзелдерін жасайтын ұста болған. Әкеден алған тәлімі енді өмірлік кәсібіне айналып отыр.

Сейітқали Шотанов, етікші:

Бала кезімізде қамшы өріп, ат құралын, шідер, жүген - бәрін істеп жүрдік. Әскерде мен атты әскерде болдым. Кеңес кезінде екі жерде болды атты әскер: Мәскеуде және Қырғызстанда. Киноға түсірді. Ат құралын ремонттайтын болдым. Айналып келіп, аяқкиімге көшіп кеттік қой ойда жоқта осылай.

Етікші аяқкиімді пішіп, құрап, тігіп болған соң, көмекшісіне апарады. Ол материалды қалыпқа салып, шегелеп, табанын нығыздап, тазалайды. Тапсырысқа қарай күніне 5-6 аяқкиім тігеді. Кәсібін нәсіп еткен шебер осылайша қаладан жырақта, отандық өнімнің дамуына үлес қосып отыр.


Бөлісу