Бүгіннен бастап электрлі самокат жүргізушілерге талап күшейді
Бүгіннен бастап электрлі самокат жүргізушілерге талап күшейді. Енді олар тротуармен және жаяу жүргіншілер жолымен жүре алмайды. 18 жастан асқан, жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасы болуы тиіс. Жаңа талаптардың мақсаты жолдағы қауіпсіздікті күшейту. Бас прокуратура автокөлік жүргізушілерін де аса мұқият болуға шақырады.
Алматы полициясы жаңа талаптардың алғашқы күнінен-ақ электрлі самокат жүргізушілерін жаппай тексеруге кірісті. Рейд барысында тәртіп сақшылары қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Мемлекеттік нөмірсіз жүрген мопедшілерге ескерту жасалды.
Тексеру кезінде нөмірден бөлек, сақтандыру полисі жоқ жүргізушілер де анықталды. Ал кейбірі есірткі тұтынғаны белгілі болды. Полиция олардың біріне медициналық сараптама нәтижесін көрсетіп, бірнеше әкімшілік хаттама толтырды.
Қауіптің қаншалықты жоғары екенін жол-көлік оқиғаларының статистикасы да көрсетіп отыр. Жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол-көлік оқиғасы болған. Ал велосипедшілердің кінәсінен 169, электрлі самокат жүргізушілерінің қатысуымен 47 апат тіркелген.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД өкілі:
Электр самокаттарды жасөспірімдерге пайдалануға жол жоқ. Қазіргі таңда кикшеринг компанияларымен бірлесе отырып, осындай техникалық амалдарды қолдана отырып, жол жүру куәлігі жоқ азаматтарды және кәмелет жасқа толмаған азаматтарды электр самокаттарды пайдалануға жақындатпаймыз. Электросамокаттарға Әкімшілік кодекстің 615-бабының нормалары бойынша кем дегенде 2 айлық есептік мөлшерінде айып көзделген.
Демек, электрлі самокатпен жүру енді бұрынғыдай еркін емес. Мұндай көлікпен тек веложолақпен немесе ол болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен не жол жиегімен жүре алады.
Саян Әбденов, ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі:
Ал жолды жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өткен кезде самокат, велописед және мопед иелері көліктен түсіп, оны қасынан жетектеп өтуі тиіс. Жолаушыларды тасымалдауға, рөлді ұстамай телефон пайдалануға, сондай-ақ тәуліктің қараңғы уақытында жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге тыйым салынады.
Сонымен қатар, жолдағы қауіп самокат жүргізушілеріне ғана төнбейді. Жыл басынан бері автокөлік жүргізушілері 145 электрлі самокат жүргізушісін, 82 мопед жүргізушісін және 52 шағын электр көлік құралын басқарушыны қағып кеткен. Бұл жол-көлік оқиғалары салдарынан төрт адам қаза тауып, 300-ге жуық адам түрлі жарақат алған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы