Елімізде Мұғалжар жылқысы көбейіп келеді
Елімізде Мұғалжар жылқысы көбейіп келеді. Тек Ақтөбе облысындағы саны 12 мыңнан асады. Ең қызығы, бір төлінің бағасы миллион теңгеден жоғары. Тіпті, үйірге түсетін айғырларының кейбірі 10-20 миллион теңгеден сатылады екен. Осындай үйір-үйір жылқы ұстайтын шаруашылықтардың біріне әріптесім Жақсыбек Кемал арнайы барып келді.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Мұнда «Мұғалжар» тұқымды 700 жылқы бар. Қазақы төл тұқымға сұраныс өте жоғары. Шаруашылық жыл сайын 400 бас тайды Қазақстанның түкпір-түкпіріне сатады. Олардың әрқайсысы миллион теңгеге бағаланады.
Бақытбек Манап ағаларымен бірге жылқы шаруашылығын қолға алған сәттен бастап «Мұғалжар» тұқымына ерекше мән берген. Өйткені бұл қай жағынан да пайдалы. Еті – құнарлы, сүті – шипа. Соңғы жылдары елімізде Қамбар ата төлінің бұл түрін өсіремін деушілер көбейген. Ақтөбелік шаруалардан көршілес облыстардан бөлек, Алматы, Абай, Қарағанды өңірлерінен келіп, ондап, жүздеп сатып алып кетіп жатыр.
Бақытбек Манап, шаруа қожалығының құрылтайшысы:
Құнандардың нарықтағы бағасы, яғни 23-інші жылғы еркек айғырлардың бағасы – 5 млн теңге. Мұғалжар тұқымында әр түрлі түс бар, 7 түс. Құла, қарагер, торы, күрең, сосын мышастый дейді ғой, сұр түс.
1998 жылы тіркелген «Мұғалжар» жылқысы құбылмалы ауа райына бейімделген. Мәселен, қыс қатты болған жылдары кей аймақтарда жылқы тебіндей алмай, мал шығыны көп болған еді. Ал бұл шаруашылықта бірде бір түлік өлген жоқ. Қазір облыста 12 мың бас асыл тұқымды жылқы бар.
Мәулен Ідірісов, Алға аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Мемлекеттің бағдарламасы бар, яғни асыл тұқымды жылқыға 50 пайызға дейін субсидия қарастырылған. Бұл жерде шаруашылықтар жақсы жұмыс істеп келеді. Алға ауданында асыл тұқымды Мұғалжар жылқысы 3000 басты құрайды.
Екі жылға жуық уақыт бұрын өңірде Жылқы шаруашылығы институты құрылған еді. Мақсат – асыл тұқымды түліктердің сапасын одан әрі жақсарту. Қазір еліміздегі 5 миллионнан аса қылқұйрықтының бір пайызы ғана асыл тұқымды. Алдағы 3-4 жылда ол 6-7 пайызға жетуі тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы