Басты Жаңалықтар 2027 жылы адами капиталға жалпы бюджеттің 35 пайызы жұмсалмақ

2027 жылы адами капиталға жалпы бюджеттің 35 пайызы жұмсалмақ

30 триллион 200 миллиард теңге. 2027 жылғы республикалық бюджет шығысы осындай. Яғни мемлекет бір жылда жұмсайтын жоспарлы қаражат көлемі. Бүгін Құрылтайда «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы таныстырылды. Сонымен, қазына қаржысы қай салаға көбірек жұмсалады? Құрылтайдағы жиыннан Самал Қабышева сабақтайды.

Елімізде 2027 жылдан бастап скринингтің жаңа түрі пайда болады. Бұл - пилоттық жоба. Сондықтан алдымен 4 өңірде жүзеге асады. Мақсат - өкпе обырының алдын алу. Алаңдайтындай негіз бар. Мамандардың айтуынша, елде  өкпе обырының шамамен 70 пайызы емдеуге тым кеш болғанда анықталады. Сондай-ақ келер жылдан бастап  11 жастағы ұлдарға папиллома вирусына қарсы вакцина салынады.

Абзал Бейсенбекұлы, ҚР Қаржы вице-министрі:

2027 жылы адами капиталға 10,5 трлн теңге немесе жалпы бюджеттің 35%-ы көзделген. Осы аталған сандардың артында нақты адамдар тұрғанын түсіну өте маңызды. Әлеуметтік саладағы бюджет адамға бағытталған, яғни оның әлеуметтік қорғалуын, денсаулығын, білімін және даму мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге.

Ал триллондаған қаржы қайда кетіп жатыр? Нақты айтсақ, әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге жұмсалатын қаржы көлемі 6,9 трлн теңге. Денсаулық сақтау саласына 2,5 трлн теңге көзделген. Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин ең төменгі жалақы көлемін көтеру жайы қарастырылып жатқанын да жасырмады.  Ал қазынаға кіріс қайдан келеді? 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын айтты. 

Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:

Номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі. Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан жоғары болады. Өңдеу өнеркәсібінің өсуіне металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру негізгі үлес қосады. Экономиканың өсу драйверлерінің бірі - ауыл шаруашылығы болады. Оның жыл сайынғы орташа өсуі кемінде 5 пайызды құрайды.

Бюджет жобасы 37 баптан тұрады. 2027 жылдың 3 негізгі көрсеткіші мынадай. Кіріс - 25,4 трлн теңге, шығыс - 30,2 трлн теңге, тапшылық - 4,6 трлн теңге.

Ұлттық қордағы қаржыны өсіру де күн тәртібінен түспейді. Қазір мұндағы қаражат мөлшері 70 млрд доллардан асуы мүмкін. Ал оны 100 млрд долларға жеткізу 2030 жылдан кейін жүзеге асуы ықтимал. Қордағы ақша көбейсе, балаларға жыл сайын берілетін қаржы көлемі де артады. Өйткені балаларға төленетін ақша Ұлттық қордың инвестициялық табысына қарай бөлінеді. Ал бюджет қаншалықты тұрақты? Кіріс болжамы қаншалықты шынайы? Шығыстар ел дамуының басымдықтарына сай келе ме? Осы сауал төңірегінде бюджет жобасы алдағы уақытта талқыланады. Заңның бірінші оқылымы 14 қазанға жоспарланған.


Бөлісу