ЖИ ғылымға жүйелі енгізіледі
Жасанды интеллект ғылымға жүйелі түрде енгізіледі. Бұл туралы Ұлттық ғылым академиясында өткен «Qazaqstan AI for Science» алғашқы ашық тұжырымдау сессиясында айтылды. Жиында жасанды интеллектіні ғылыми зерттеулердің барлық кезеңіне енгізу мәселесі талқыланды. Жаңа бастама аясында ғылыми мәселені анықтаудан бастап, гипотеза ұсыну, эксперимент жүргізу және нәтижені тексеруге дейінгі барлық процесті бір жүйеге біріктіру ұсынылды. Ол үшін ғалымдарға қажетті деректер, есептеу қуаттары және цифрлық құралдар қолжетімді болуы тиіс. Сессия барысында жасанды интеллектінің су ресурстарын басқару, медицина, робототехника, өнеркәсіп және «Smart City» бағыттарындағы мүмкіндіктері таныстырылды. Сондай-ақ ғылыми жобалар мен инновациялық технологиялар көрмесі де ұйымдастырылды.
Исмаил Тоқбергенов, Ұлттық ғылым академиясының бас ғалым хатшысы:
Жасанды интеллект ақпаратты өңдеу жылдамдығын арттырып қана қоймай, ғылыми зерттеудің тәсілін де өзгертеді. Ол үлкен көлемдегі деректерден заңдылықтарды анықтап, балама гипотезалар ұсынуға және тиімді экспериментті таңдауға көмектеседі. Алайда жасанды интеллект берген нәтиже өздігінен ғылыми дәлел болып саналмайды. Сондықтан барлық сараптау қайта тексеріліп, ғалымның жауапкершілігі арқылы ғана расталуы тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы