Басты Жаңалықтар Үлкен тенниске қызығатын балалар көбейіп келеді

Үлкен тенниске қызығатын балалар көбейіп келеді

Бүгінде үлкен тенниске балалар арасында қызығушылық артқан. Қазір еліміздегі 40-қа жуық теннис орталығында 40 мыңнан астам оқушылар жаттығып жүр. Тек Астананың өзінде 5 мыңға жуық жас спорттың осы түрімен тұрақты айналысады. Мамандар мұны Елена Рыбакинаның халықаралық аренадағы жеңістерімен байланыстырады.

Астаналық Әсия Омарова үш жылдан бері үлкен тенниспен айналысады. Алдымен өзі жаттықса, кейін 6 жасар қызы Айзерені де осы спортқа баулыған.
Әсия Омарова, Астана тұрғыны:

Құрама команда ойыншыларын көргісі келеді, автограф алғысы келеді, кортқа шығып ойнағысы келді. Бейби теннистен бастағанбыз, сосын қызыл допқа ауыстық, қазір қызғылт сары допта жүрміз, келесі мақсатымыз  жасыл допқа ауысу. Қазір Қазақстан құрама командасына жанкүйер болып жүрмін. Қызыма жанкүйер болып жүрмін.

Айзере сияқты ракеткасын көтеріп, күнде теннис орталығына келетін балалар көп. Олар алдымен «Бэйби теннис» халықаралық бағдарламасы бойынша жаттығады. Жүйенің ерекшелігі - доп пен корт өлшемі баланың жасына сай болады. Үш жастан бастап ойын түріндегі жаттығулар жасалады. Кейін қызыл, қызғылт сары және жасыл доп кезеңдеріне өтіп, жас спортшылар техникасы мен тактикасын жетілдіреді. Қазір орталықта осы жүйемен талай бала шеберлігін шыңдап жүр.
Ұтқырбек Абдуллаев, жаттықтырушы:
Бұл бағдарламаның артықшылығы – бала теннисті біртіндеп, кезең-кезеңімен үйренеді. Уақыт өте келе іріктеліп, жақсы ойыншылар ерекшеленіп шыға бастайды. Теннисте тәртіп пен еңбек арқылы жетістікке жете аласың. Әрине, нағыз таланттар мыңның ішінен біреу. Дегенмен теннисті осы қарқында дамыта берсек, болашақта үлкен белестерді бағындыратын спортшылардың қатары көбейетініне сенім бар.
Ал кәсіби деңгейге көтерілген сайын жарыс пен жаттығуға кететін шығын да артады. Сондықтан дарынды жас спортшыларға қолдау көрсету – федерация жұмысының негізгі бағыттарының бірі.
Медет Байкен, ҚР Теннис федерациясының атқарушы директоры:
Федерацияның мақсатты бағдарламасы аясында дарынды балаларға гранттар бөлінген. Өйткені теннистің қымбатшылығы қашан білінеді? Олардың халықаралық аренада 13-14 жасынан жоғары үлкен жарыстарға шыға бастаған кезде сапарлары қымбат болады. Сол кезде ең дарынды спортшыларды федерация толық қолдайды.
Бүгінде басты міндет – тенниске  қызығатын әр балаға мүмкіндік беру. Ал қабілетімен көзге түскен жас спортшыларды шыңдап, үлкен додаға дайындау.


Бөлісу