Басты Жаңалықтар Президент елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Президент елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Қазақстанда 8 мемлекеттің жаңадан тағайындалған елшісі ресми жұмысын бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін дипломаттардан сенім грамоталарын қабылдады. Салтанатты рәсімге Мысыр Араб Республикасы, Швейцария Конфедерациясы, Эстония, Оман Сұлтандығы, Мажарстан, Гвинея-Бисау, Нигерия мен Дания Корольдігінің елшілері қатысты.

Тәуелсіздік сарайы. Сарбаздар сап түзеп, көк кілем төселді. Салтанатты рәсімге кей елдің өкілдері ұлттық киіммен келіп, ерекшеленді.

Марье Лууп, Эстония Республикасының елшісі:

Бұл Эстонияның ұлттық киімі. Елдің әр өңірінде өзіне тән дәстүрлі киім үлгісі бар. Олардың саны бірнеше жүзге жетеді. Біз мұндай киімді бүгінгідей маңызды шараларда мақтанышпен киеміз.

Иә бұл әр дипломат үшін маңызды оқиға. Себебі тек осы іс-шарадан кейін ғана олар ресми қызметіне кіріседі.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Елшілер біздің елге құрметтің белгісі ретінде көк туымызға бас иіп, салтанатты рәсім өтетін залға қарай беттеп келеді.

Маңызды құжат осы. Елшілер кезек-кезек Президентпен қол алысып, өз басшыларының сәлемдемесін жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерге ілтипат білдіріп, Қазақстанның сыртқы саясатта бейбіт бағыт ұстанатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгін – шын мәнінде,  елдеріңіздің өкілі ретінде Сіздер үшін де, Қазақстан Республикасы үшін де өте маңызды күн. Осы орайда барлығымыз бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет екеніне сенімдімін. Өйткені Қазақстан бейбітсүйгіш ел саналады. Біз теңгерімді және сындарлы сыртқы саясат ұстанамыз. Ел ішінде реформа жүргізуге қолайлы жағдай жасауға ұмтыламыз. Сыртқы істер министрлігінің, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Президент резиденциясының Сіздер үшін әрдайым есігі ашық. Өйткені қазіргі тұрақсыз әрі құбылмалы әлемде бірге болуға тиіспіз.

Бизнес әріптестік, логистикалық әлеует, халықаралық ынтымақтастық. Елшілер екпін берген басым бағыттар осындай.

Самех Шехата, Мысыр Араб Республикасының елшісі:

Біз Қазақстанмен барлық бағытта ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз.Әсіресе цифрландыру, технология және көлік салаларындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Мысыр өңірдегі маңызды көлік тораптарының бірі саналады. Бізде Суэц каналы бар, еліміз Жерорта және Қызыл теңіздерге шығады. Сондықтан бұл бағытта бірлескен жобаларға мүмкіндік көп.

Еларалық ынтымақтың ырысты әрі табысты болуы елшілердің еңбегіне де көп байланысты. Дипломаттар мемлекеттер арасындағы байланысты бекемдеу басты міндет екенін айтады.

Бөлісу