Алматыда қала күні қарсаңында мың отбасы баспаналы болды
Алматыда қала күні қарсаңында кезекте тұрған отбасыларға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Алатау ауданындағы Мәдениет шағынауданында қоныс тойын тойлағандардың қуанышына қала әкімі де ортақтасты. Мұнда тұрғын үй берудің төртінші кезеңі басталып, кезекте тұрған азаматтарға мың пәтер берілді.
Бүгіннен бастап Алматының Алатау ауданында мың отбасы қоныс тойын тойлауды бастап кетті. Таңнан жаңа тұрғын үй кешеніне жиналған тұрғындар көптен күткен пәтер кілтін қала әкімінің қолынан алды.
Дархан Сатыбалды, қала әкімі:
Бір жылда 11 мыңнан астам пәтерді табыстап отырған – тарихта болмаған. Бірінші кезекте, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша нақты осындай мұқтаждарға әрекет жасаңдар деп беріп отыр. Алматыда осындай мүмкіндік болды. Қаржы жағынан да, басқа жағынан да. Нәтижесін сіздер өздерінің көріп отырсыздар. Қоныстарыңыз құтты болсын!
Жаңа баспана әлеуметтік жағдайы төмен, үй кезегінде тұрған отбасыларға берілді. Қала әкімі тұрғындардың бірінің пәтеріне кіріп, үйдің жағдайымен танысты. Ал жылдар бойы жалдамалы баспана жағалап жүрген тұрғындар үшін бұл көптен күткен қуаныш. Солардың бірі - екі баланың анасы Әйгерім Әбдісерікқызы. Ол баспана кезегін тоғыз жыл күткен.
Әйгерім Қазбан, қала тұрғыны:
Балаларымызбен әр жерде пәтер жалдап тұрдық. Пәтерімізді көрдік, өте қатты ұнады. Екінші қабаттан бұйырған екен. Өте ыңғайлы балаларыма да, ауласы - бәрі ұнады. Екі балам қатты қуанып жүр.
Мәдениет шағынауданынан берілген мың пәтер - Алматыда тұрғын үй берудің төртінші кезеңі. Алғашқы екі кезеңде 2717 отбасы баспаналы болды. Үшінші кезеңде 640 пәтерді бөлу жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы 1650 жасқа жеңілдетілген тұрғын үй несиесі қарастырылған. Жыл соңына дейін бас-аяғы 11 мыңнан астам пәтер беру жоспарланған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы