Almaty Superski жобасы өңірдің экономикасы мен туризмін дамытуға серпін береді
Алматыдағы тау туризмі жаңа деңгейге көтерілмек. Өңірде ауқымды Almaty SuperSki жобасы қолға алынып, тәулігіне 10 мыңнан астам туристі қабылдай алатын заманауи кешеннің құрылысы басталды. Жаңа курорт 2028 жылдың соңында іске қосылады деп жоспарланған. Жоба аясында қонақүй, мейрамхана, көлік пен арнайы жабдықтарды жалға беру және гид қызметтері сияқты бизнестің жаңа бағыттары қатар дамитын болады.
Қазірдің өзінде Алматының таулы аймақтарына арнайы келетін демалушылар өте көп. Соңғы алты жылда тауға келушілер саны 4,5 есеге өсіп, былтыр 1 миллион адамнан асты. Ал биыл бұл көрсеткіш 1,5 миллионға жетеді деп күтілуде. Алыс-жақын шетелдерді айтпағанда, тіпті мұхит асып келушілер де көбейген.
Almaty SuperSki жобасы жүзеге асса, мыңдаған жұмыс орны ашылып, түрлі қызмет көрсету салалары жолға қойылмақ. Жаңа курорт тек қысқы демалыспен шектелмей, жазғы туризмді де жан-жақты дамытуға бағытталған. Ауқымды жоба өңірдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге және шағын әрі орта бизнеске серпін береді.
Ержан Еркінбаев, Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры:
Біздің жоспарымыз бойынша орташа алғанда 5 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылады. Әр бағыт бойынша ғылыми институттар жұмыстарын жүргізген. Өте терең зерттеулер жүргізген. Сондықтан жобаның іске асырылу барысында табиғатқа немесе экологияға ешқандай кері әсері болмайды.
Ғалымдардың зерттеуінше, құрылыс жүргізілетін аумақта «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктер анықталмаған. Ал құрылыс аймағындағы ағаштардың бір бөлігі басқа жерлерге қайта отырғызылады. Курорт құрылысы кезінде де, ол іске қосылғаннан кейін де экологиялық мониторинг тұрақты түрде жүргізіліп отырады: су, топырақ, ауа, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің жай-күйі қатаң бақылауда болып, нәтижелері көпшілікке ашық жарияланады. Айта кетсек, Almaty SuperSki заманауи курорт құрылысы «Бәйтерек» холдингінің қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы