Ақмола астығы Еуропа нарығына шықты
Ақмолалық диқандар Еуропа Одағы елдеріне өнімді тікелей тасымалдау мүмкіндігіне ие болды. Зертханалық сараптама ақмолалық астықтың кәрі құрлықтың қатаң тағам қауіпсіздігі талаптарына сай екенін көрсетті. Қуаңшылыққа қарамастан, биылғы жиналған өнімнің 70 пайызы – жоғары протеинді Hi-Pro санатына жатады. Бұл астық экспортының артуына жол ашады, дейді мамандар.
Бүгінде өңірдің диқаншылары қамбаға 5,3 млн тонна астық құйып үлгерді. Бұл егіннің шамамен 80 пайыздан астамы жиналды деген сөз. Оның орташа өнімділігі 13,7 центнер. Қуаңшылыққа қарамастан, диқандар биылғы егіннің сапасы жақсы деп қуанып отыр.
Айбат Есентұров, шаруа:
Биыл құрғақтау болған жерде егіннің сапасы жақсы болды. Клейковина 28-30-дан асып жатыр. Сондықтан ол Hi-Pro. Бидайдың ең сапалы, жақсы түрі. Сондықтан ол шетелге міндетті түрде кетеді. Биыл майлы дақылдарды көбейттік. Бағасы жақсы болған соң 4,5 мың га дейін бардық.
Болатхан Шоман - 30 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі механизатор. Заманауи комбайнды басқаратын ол күніне 30-40 тонна, ал өнімділігі мол алқапта 100 тоннаға дейін өнім жинаймыз, дейді. Жалпы, биыл күзгі ораққа облыс бойынша 9 мыңға жуық комбайн жұмылдырылған.
Болатхан Шоман, механизатор:
Бұрынғыдай емес, электроника, өнім көрсетеді, бидайдың ылғалдылығын көрсетеді. Комбайндар жақсы, қазіргі технология дамыған заман. Егінді де жақсы алып жатырмыз. Өнім 26 центнерден, кейбір жерден 30-35-тен беріп жатыр.
Бүгінде жиналған астықтың 90 пайызы – үшінші класты, ал оның 70 пайызы халықаралық нарықта сұранысқа ие Hi-Pro санатына жатады. Протеині жоғары өнім үшін еуропалық сатып алушылар жақсы баға төлеуге дайын.
Ари Велдхаузен, Ауыл шаруашылығы, Балық шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және табиғатты қорғау елшісінің ресми:
Ақмола облысының ауылшаруашылық әлеуеті жоғары екеніне көзіміз жетіп отыр. Біз үшін өндіріс көлемі ғана емес, өнімнің сапасы, технологиясы, сақталуы мен өңделуі өте маңызды. Сондықтан бүгінгі сапар мұның бәрін іс жүзінде көруге тамаша мүмкіндік берді.
Ақмола өңіріне Нидерланд, Польша, Латвия, Эстония мен Солтүстік Македония елшіліктерінің өкілдері келіп, егістік алқаптарын аралады. Мұндай кездесулер еуропалық трейдерлермен делдалсыз, тікелей шарттар жасасуға мүмкіндік береді.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
Көршілес ТМД елдеріне және басқа Қытай болсын, 30 елге астығымыз кетіп жатыр. Тиімді сатуды қараймыз. Қай жерде баға қолайлы, сол жерге жол тартамыз. Орталық Азияда баға төмен түсіп жатса, Еуропада баға көтеріліп жатыр. Сондықтан үлкен жоспар - астықты соларға жеткізіп, бірігіп, қожалықтар жақсы бағамен астығын шетелге шығару.
Жалпы, Қазақстан бүгінде астық экспорты бойынша әлемдік ондыққа кіреді. Тек тамыз айында жаңа өнімнің 1 млн тоннасы экспортталған. Ал Ақмола облысының шаруалары жыл басынан 2,8 млн тонна дәнді-дақылды шетелге экспорттаса, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 4 млн тоннаға жеткізілмек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы