Басты Жаңалықтар Шымкентте биыл мыңнан астам отбасыға үй беру жоспарланған

Шымкентте биыл мыңнан астам отбасыға үй беру жоспарланған

Қазақстанда биыл құрылыс жұмыстарының көлемі былтырғымен салыстырғанда 15,6 пайызға өсіп, оған бөлінген қаржы 6 трлн теңгеден асты. Елде тұрғын үй салу қарқыны да артқан. Бұл бағытта Шымкент қаласы  алдыңғы қатарда. Мегаполисте, әсіресе көппәтерлі үйлердің пайдалануға берілген аумағы ұлғайған. Шаһардағы құрылыс қарқыны туралы Ернұр Уәлихан тарқатып айтады.

Үшінші мегаполисте биылғы құрылыс жұмыстары былтырмен салыстырғанда 14 пайызға өсіп, 191 миллиард теңгеге жеткен. Өсімнің едәуір бөлігі көппәтерлі тұрғын үй құрылысына тиесілі. Сегіз айда пайдалануға берілген баспананың жалпы аумағы 578 мың шаршы метрден асып, былтырғыдан 38 пайызға артқан.

Ердәулет Әжібаев, қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

Мемлекеттің тапсырысымен құрылыс жүргізіп жатқан тұрғын үйлер жеке салымшылар, яғни тұрғын үй құрылысы қарқынды. Ол деген - сұраныс бар, қаланың экономикалық көрсеткіші өсіп жатыр дегенді білдіреді. Өткен жылға қарағанда көрсеткіштің бәрі артып отыр.

Жаңа үй салумен қатар, ескі тұрғын үй қорын жаңарту жұмыстары да қарқын алған. Реновация бағдарламасы аясында 604 отбасын баспанамен қамту жоспарланған. Мәселен, Көксай шағынауданында өткен ғасырдың ортасында салынған 23 көпқабатты  үй апатты деп танылды. Оның 14-і сүріліп, тұрғындары Тұран мен Шымкент Сити шағынаудандарындағы жаңа пәтерлерге көшіріліп жатыр.

Қаршыға Әлімова, қала тұрғыны:

Үйде көп жылдан бері тұрдым. Он жылға жақындап қалды. 24 шаршы метр болды. Ол жақта 41 шаршы метр. Ол үй өте тамаша. Барлық жағдай жасалған. Біз сияқтыларға кіріп-шығуға жақсы жер.

Мегаполисте әлеуметтік маңызы бар жобаларға да басымдық берілген. Білім беру, спорт және денсаулық сақтау салаларында жаңа нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Солардың бірі - Ақжайық шағынауданында салынып жатқан 200 орындық перинаталдық орталық. Мұнда ана мен балаға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.

Серік Қанибаев, жоба жетекшісі:

Еуропалық толық стандарттарға сәйкес. 250 орындық халыққа емханасы бар. Күндізгі стационары бар және амбулаториялық бөлімшелер бар. Осы жылдың аяғына дейін толықтай монолит, каркасты толық тұрғызып шатыр жабындыларын жауып және қыш қалау жұмыстарын толықтай бастау мақсат болып тұр.

Айта кетейік, қазір шаһарда 66 нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 3-еуі инженерлік инфрақұрылым бағытындағы жұмыстар болса, 31-і – әлеуметтік нысан. Жыл соңына дейін 32 көппәтерлі үйді пайдалануға беру жоспарланған. Яғни биыл Шымкентте 1 200-ден астам отбасы баспаналы болады.


Бөлісу