Президент Үкіметке әлеуметтік қолдау мен жол сапасына қатысты тапсырма берді
Бүгін БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен Дүниежүзілік тазалық күні. Ал кеше елімізде сенбілік өтті. Астанада Президент те волонтерлермен бірге тал екті. Қаланың кескін-келбетіне қатысты шенеуніктердің есебін тыңдады.
Елнар Базыкен, Астана қаласы Урбанистика орталығының директоры:
Жаяу жүргіншілерге арналған жаңа көпір салынады. Ол екі Есіл жағалауын қосады. Келесі жылы да бізде жаңа саябақ, мыңжылдық жалғасы, сосын экопарк Талдыкөл ішінде. Одан әрі триатлон парк абаттандырылады және көгалдандырылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы тұста Астана қаласының Урбанистика орталығы ерекше рөл атқарып отыр. Бұл – қала тұрғындарына қолайлы орта құру үшін нақты ұсыныстар әзірлейтін, қаланың келбетін жақсартуға арналған ұтымды шешімдер мен жобалар дайындайтын маңызды құрылым. Сондықтан аталған орталықтың тәжірибесін басқа аймақтарға да кеңінен тарату, дәріптеу керек. Осы бағыттағы жұмысты өңірлердің әкімдері барынша белсенді түрде жүргізуі қажет.
Волонтерлер алдында сөйлегенінде Президент еліміздің әлеуметтік саладағы саясатына да тоқталды. «Мемлекетіміздің сипаты, тіні – әлеуметтік» дей келе, ол саясаттың/бағыттың Конституцияда жазылғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанда ғана босанған әйел үш жылға декреттік демалысқа шыққанда қаржылық пакеті мен жеңілдік төлемдері, ең бастысы, жұмыс орны сақталатынын еске салғым келеді. Мемлекет жас аналарды, кем дегенде, бұрынғы жұмысына орналастыруға міндетті. Халықаралық рейтингтерде ұдайы көш бастайтын елдердің бірқатарында мұндай әлеуметтік жеңілдіктер жоқ, болуы да мүмкін емес. Ол жақта босанған аналар жарты айдан кейін қызметіне оралуға асығады, әйтпесе жұмысынан айрылады. Мемлекет кепілдік беретін тегін көмек жайында естімеген, ондай әлеуметтік қолдау шаралары бар дегенге сенбейді де. Ал біз мұны ашық айтпаймыз. Халықаралық рейтингтерде 30, 40, 50-орындарда, тіпті одан да төмен сатыда орналасамыз. Азаматтарға қандай қамқорлық көрсетіліп жатқанын ешкім білмейді.
Президенттің сөзінше, ендігі мәселе – көмектің нақты кімге берілетінінде. Үкімет Құрылтаймен бірлесіп, әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктердің шын мұқтаж азаматтарға жетуін қамтамасыз етуі қажет. Тағы бір тоқталғаны – ел ішіндегі, елді мекендердегі жолдар. «Үкімет пен әкімдер ірі немесе шағын қалалардан тысқары жолдардың сапасына баса назар аударуы керек. Бұл – біздің ең осал тұсымыз, оны мойындаған жөн. Мұны ешкім шеше алмады немесе шешуге құлық танытпады. Масқара жағдай. Оны саботаж деуге болады. Заң аясында қатаң шаралар қолданамыз», – деді.
Биыл қабылданған заң бойынша есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы құрылғыны ақысыз беру қажет. «Мұндай аппараттар шетелде шығарылады. Сондықтан Үкімет тез арада отандық өндірісті жолға қоюы керек», – деді Президент.
Жалпы, «Бір тал кессең, он тал ек» дейтін ұлтымыздың асыл қасиетінің бірі – табиғатты аялау. Бұл бізге аманат. Ал жаңа Конституциямыз бойынша осы көзқарас пен іс-шаралар – азаматтық міндет. Біз қоршаған ортаны қадірлейтін және жанашыр азаматы көп ел болуға өзіміз де талпынып, өзгелерді де соған шақырып жүрміз. Президенттің ұсынысын БҰҰ қолдап, биыл – 2026 жыл Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланғаны белгілі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сондай-ақ, мен былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен елімізде «Таза Қазақстан» бірегей жобасы табысты жүзеге асырылып жатқаны туралы айттым. Соның негізінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында 22 сәуірді «Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні» деп жариялауды ұсындым. Бұл бастаманы да Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының барлық мүшесі түгел қолдады деуге болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы