Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Италия жаңа бизнес алаңын іске қосты

Қазақстан мен Италия жаңа бизнес алаңын іске қосты

Астанада «Орталық Азия+Италия» бизнес-платформасының форумы өтіп, оның аясында B5+ITALY ресми түрде іске қосылды. Жаңа алаң Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге бағытталған. Негізгі бағыттар қатарында Қазақстанның Италияға шикізаттық емес экспортын арттыру, бірлескен өндірістер құру, сауда-логистикалық хабтарды дамыту және көлік қатынасын кеңейту бар. Былтыр Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы 16,9 миллиард АҚШ долларын құраған. Оның 15,6 миллиарды Қазақстан экспортына тиесілі. Қазақстан Италияға экспортты қосымша 307 миллион долларға арттыруға әлеуеті бар 100-ге жуық тауар позициясын анықтаған. Бүгінде Қазақстанда италиялық капиталы бар 300-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Форум барысында Шымкентте сауда-өнеркәсіптік хаб құру, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, тікелей әуе қатынасын кеңейту және агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық мәселелері де талқыланды.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Біз бұл платформаның италиялық бизнестің Орталық Азия елдерімен тікелей өзара іс-қимылына мүмкіндік беретін практикалық тетікке айналғанын қалаймыз. Бұл сауда мен инвестициядан бастап өнеркәсіптік кооперация, көлік, логистика және жаңа технологияларға дейінгі бағыттарды қамтиды.


Бөлісу