Басты Жаңалықтар Таразда 42 көше күрделі және орташа жөндеуден өтіп жатыр

Таразда 42 көше күрделі және орташа жөндеуден өтіп жатыр

Тараз қаласында шағал тас төселген 500-ге жуық көше бар. Әкімдік мәселені шешу үшін биыл 42 көше жолын жөндеп жатыр. Бұған биыл бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Данияр Әлімқұл жол құрылысы барысын көріп келді.

Таразда 30 жылдан аса күрделі жөндеу көрмеген жолдар бар. Жалпы, шаһарда 2 200 шақырымнан асатын автожолдың тек мың жарымы асфальтталған. Ал  500-ге жуығы әлі шағал күйінде. Сондықтан әкімдік биыл 42 көшені жөндеп, тар жолдарды кеңейтуге көшті.

Мұратбек Есебаев, мердігер:

Көшені 7 метрден 2 метрге дейін кеңейтіп жатырмыз. Кепілдік 5 жыл. Егер  асфальт жарылып кетсе, ақау болса, біз жауап береміз. Ал егер су каналы бар, канализация жүргізіп, су жүйелерін ауыстырса, онда біздің кепілдігіміз ол жерге жүрмейді.

Сондай-ақ 5,2 шақырым Асанбай Асқаров пен 3 шақырымнан асатын Қойгелді батыр көшесі күрделі жөнделіп жатыр. Жолға екі қабаттан тұратын асфальт төселді. 

Бауыржан Дүйсенбиев, қала тұрғыны:

Жол жаман кезде бұл көшеде негізінде көлік жүрмейтін. Жүрген көлік қирайтын. Содан айналып, кептелісті көбейтіп жататын. Мынау айналма жолдар көлік кептелісін болдырмауға жақсы нұсқау қосып жатыр десек болады. Мына жерден тротуарлары салынып жатыр. Су арықтары салынып жатыр. Бордюрлары жаңарып жатыр.

Ал биыл жол жөндеуге жұмсалған 5 млрд теңгенің 70% Ұлттық қордан, қалғаны жергілікті бюджеттен бөлінген. Келер жылы Таразда тағы 40-тан астам көше жөнделеді.

Дамир Жаманбаев, қала әкімінің орынбасары:

Соңғы 3 жылда 375 көше жөндеуден өтті. Оның ішінде өтпелі нысандарымыз бар. «Бұрыл» массиві бар ғой, сол жерде 75 көше бар. Ол құрылыс бөлімі арқылы жүргізілді. 3,5 млрд теңгедей қаражат бөлінген болатын. Оның құрылыс бүгінгі таңда аяқталу үстінде.

Айта кетейік, қалада соңғы 4 жылда жол инфрақұрылымын жақсартуға 18 млрд теңге қаржы бөлінген. Осы аралықта 516 көше орташа және күрделі жөндеуден өтті. 


Бөлісу