Басты Жаңалықтар Астанада жыл соңына дейін тағы 70 мың ағаш егеді

Астанада жыл соңына дейін тағы 70 мың ағаш егеді

Астанада жыл соңына дейін 70 мың ағаш отырғызылады. Күні кеше Сарыарқа ауданында жалпыұлттық экологиялық акция аясында ондаған көшет егілді. Тілші тарқатады.  

Елде бір жылда 200 миллионнан астам көшет отырғызылады. Көгалдандыру акциялары әсіресе елордада қарқын алды. Тек Сарыарқа ауданында бір күнде 200-ден астам тал егілді. Көктал саябағында өткен іс-шараға аудан әкімдігінің қызметкерлері мен тұрғындар келген. 20 мың адам. Олар көшет отырғызуға кіріспей тұрып айналаны мұнтаздай етіп жинады.

Данияр Оңғар, қала тұрғыны:

Бүгінгі сенбілік ойымыздағыдай өтіп жатыр, аудан жастары мұндай сенбілікті әрдайым құптайды және ол біздің ортақ бірлесе жұмыс істеген акциямыз. Осындай сенбілікке жастарды шақырамыз. 

Нариман Ахметов, «Сарыарқа» ауданы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің бас маманы:

Сарыарқа ауданында абаттандыру және көгалдандыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Жыл басынан бері бізде 1700-ден астам ағаш отырғызылып, шамамен 330 мыңдай көпжылдық және біржылдық гүлдер мен бұталар отырғызылды.

Экологиялық акцияға жастармен қатар, зейнеркерлер де келген. «Бұл өскелең ұрпаққа үлгі әрі өзімізге де сергек жүруге көмек береді», - дейді олар.

Сабыр Құсайынов, зейнеткер:

Осындай сенбіліктерден қалмаймыз. Біраз тал егіп, оның барлығы келешекте жастарға. Мына жер кезінде алаң болатын, қазір айналасы көгалданып, әдемі парк болып жатыр.

Экологиялық акция әр сенбі сайын өтеді. Алдағы демалыс күндері Сарыарқа ауданының әкімдігі игі іс-шараға тұрғындарды белсенді атсалысуға шақырады.


Бөлісу