Басты Жаңалықтар Қарағанды өңірінде 8 өрт сөндіру бекеті іске қосылған

Қарағанды өңірінде 8 өрт сөндіру бекеті іске қосылған

Қарағанды облысының шалғай елді мекендерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл 8 өртке қарсы бекет іске қосылды. Қазір тағы 10 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бекеттер арнайы техникамен және қажетті жабдықтармен қамтылған. Бұл құтқарушылардың оқиға орнына жедел жетуіне мүмкіндік береді.

Жанбөбек ауылында бұған дейін арнайы өртке қарсы бөлімше болмаған. Төтенше жағдай туындаған кезде көмек 200 шақырым әріде жатқан Нұра кентінен келетін. Жаңа бекет облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа салынды. Елді мекеннің Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығына жақын орналасуы бекеттің маңызын арттыра түседі.

Думан Дәулет, Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорының инспекторы:

Техника берілді. Барлығы жол талғамайтын көліктер. Шамамыз келгенше тез жетуге тырысып жатырмыз. Жанбөбек округі бойынша 6 өрт тіркелді. Алтауын енді жедел жетіп, басын оқшаулап, сөндірдік.

Былтыр облыстың 13 елді мекенінде осындай өртке қарсы бекеттер ашылды. Биыл олардың қатары тағы 8 нысанмен толықты. Одан бөлек, жыл соңына дейін тағы 10 бекетті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұрыннан жұмыс істеп тұрған нысандар да біртіндеп жаңартылуда. Бүгінде Қарағанды облысының аудандары мен шалғай ауылдарында барлығы 69 заманауи өрт сөндіру бекеті бар.

Нұралы Смағұлов, ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы:

Былтырғы 2025 жылы 21 бірлік техника бергенбіз, өрт сөндіру автокөліктерін. Биылғы жылда біз 17 бірлік техника беріп жатырмыз. Оның ішінде 15-сі өрт сөндіру автомашинасы және екеуі «УАЗ» базасындағы автокөлік және де біз одан бөлек жаңағы байланыс орнату үшін әрбір өрт сөндіру бекетіне, биылғы жылы ашылатын 18 өрт сөндіру бекетіне раиостанциялар орнатып жатырмыз.

Жаңа бекеттердің іске қосылуы шалғайдағы елді мекендерде қауіптің алдын алып, төтенше жағдай кезінде қажетті көмекті уақытылы ұйымдастыруға жол ашады. Мәселен, соңғы екі жылда өңірдегі шалғай ауылдардың төңірегінде болған 150-ге жуық өрт жаңадан ашылған бекеттердің көмегімен дер кезінде сөндірілген.


Бөлісу