Сырдарияда жаңа көпірдің құрылысы басталды
Қызылорда қаласында Сырдария өзенінен тағы бір жаңа көпір салынады. Маңызды жоба шаһардың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Ауқымды құрылыстың қаржысы қаралып, мердігер мекеме анықталды.
Сырдың оң мен сол жағалауын жалғайтын бұл қаладағы үшінші көпір болады. Соңғы он жылда қала қарқынды дамып, өзеннің арғы беті жаңа шаһарға айналды. Халық саны еселеп өсіп екі аралықта көлік қатынасы артты. Яғни, жолда кептеліс көбейіп, тұрғындар үшін қолайсыздық туғызып келеді. Енді міне, жаңа өткелдің құрылысымен бұл мәселе де шешімін таппақ.
Мұрат Бақтиярұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері:
Сондықтан да бұл көпір халық үшін, ел үшін сол жағалау мен оң жағалауды қосатын ең бір керемет жақсы көпір болатынына сенеміз. Кемінде 100-120 мың осы мына жаққа келгенде осы көпір арқылы өтетін болады.
Жаңа көпір сол жағалауда салынып жатқан көпбейінді аурухананың тұсына түседі. Жоба бойынша ұзындығы 338, ені 23 метр болады. Өткел құрылысына шамамен 17 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралған. Ал стратегиялық нысанды осы салада мол тәжірибесі бар «ВД Строй Инжиниринг» компаниясы салады. Құрылтай депутаттары жергілікті тұрғындардың қуанышына ортақтасып игі бастамаға куә болды.
Ирина Тен, ҚР Құрылтайының депутаты:
Президентіміздің инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша жасалып жатқан жұмыстарының нақты көрінісі. Сондықтан, алдағы уақытта бір-екі жылда біз осы көпірдің үстінен өтіп, пайдаланып жүрген бақытты халықты көреміз деп ойлаймын.
Жалпы биыл Қызылорда қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 30 миллиард теңге бөлініп, 22 жоба қолға алынған. Соның ішінде қаланың шет аймағындағы 32 көше жөнделіп, асфальт төселіп жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы