Түркістан облысында кедендегі кептеліс электронды кезекпен реттеледі
Кедендегі кептеліс. Түркістан облысының Келес ауданындағы «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетінде қазір жүк көліктері қаз-қатар тізіліп тұр. Өзбекстанға өтеміз деген жүргізушілер кезекке тұрып, жол қозғалысына едәуір кедергі келтіруде. Бұл жағдай соңғы үш ай көлемінде қалыптасты. Жүргізушілердің шекара асуына Қазақстан тарапынан ешқандай кедергі жоқ, дейді кеденшілер. Ал көліктің көбеюіне алыс-жақын шет елдермен тауар айналымының артуы себеп деп отыр. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
Келес ауданындағы «Бауыржан Қонысбаев» кеден бекетіне барар жолда қазір жүк көліктерінің ұзын сонар кезегін көруге болады. Өзбекстанға өту үшін кезегін күткендердің басым көпшілігі шетелдік жүргізушілер. Айтуларынша, кеденнен өту үшін бір тәулік кезекке тұрады.
Әділхан Мирзоев, жүргізуші:
Қазір енді кәдімгі кезек болып жатыр ғой. 23 км-ден бір жарым тәулікте кіріп жатырмыз.
Ерболат Тәжібаев, жүргізуші:
Транзит жолда машина көбейіп кетіп жатыр. Сол себепті ғой. Мен сөйтіп ойлаймын. Бұрын машина аз болатын. Қазір көбейіп кетті. Негізі жолды кеңейтсе, сосын транзитке бөлек жол жасаса, бөлек кірсе, тіпті жақсы болар еді.
Ал кеденшілер болса, алыс-жақын шетелдегі саяси жағдай мен көршілес елдермен тауар айналымның өсуі көліктің көбеюіне сеп болғанын айтады. Өйткені кеденге келіп жатқан жүк көліктерінің саны 25 пайызға артқан. Мәселен, өткен жылы тоғыз айда кеденнен 9 мыңдай көлік өтсе, биыл бұл көрсеткіш 120 мыңға жеткен. Сондықтан бекет қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде.
Қайрат Тоғанов, «Б. Қонысбаев» кеден бекетінің басшысы:
Қазақстаннан Өзбекстанға қабылдау қабілеттілігі техпаспортқа сәйкес, 500 жүк автокөлігі көрсетілген. Бірақ кептелісті болдырмау, алдын алу мақсатында қазір 650-700 көлікті қабылдаудамыз. Басқа кеден бекеттерінен 15-20 шақты кеден қызметкері іс-сапармен жіберіліп, осы мәселені шешу бағытында қосымша күш жіберіліп отыр.
Сондай-ақ кеден бекеті маңында жүк көліктерінің автотұрағы салынуда. Жаңа нысанның құрылысы толық аяқталса, 800-ге тарта көлік жолды жаппай, кезегін осында күтіп тұра алады. Әзірге 400-дей көлік осы тұраққа кіргізілген.
Манап Байдуллаев, «Б.Қонысбаев» кеден бекеті басшысының орынбасары:
Күнделікті кептелісті болдырмау мақсатында осы жерде полиция қызметкерлері бар, ауыл әкімшілігі бар, прокуратура бар, кеден бекеті қызметкерлерімен бірге тұраққа кіргізіп жатырмыз. Сол кезекпен шыға береді.
Жауаптылар мәселені оңтайлы шешу үшін жүргізушілерге электронды кезекке ерте тұру тәртібін түсіндіріп жатыр. Яғни Қазақстан аумағына кіріп, кеден бекетіне жеткенше кезегі келіп тұрады. Әзірге мұндай ереженің бар екенін көп жүргізушілер біле бермейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы