Басты Жаңалықтар Мұнай бағасы өсті: Хуситтер Сауд Арабиясына тағы соққы берді

Мұнай бағасы өсті: Хуситтер Сауд Арабиясына тағы соққы берді

Әлемде мұнай бағасы қайта өсті. Бұған Таяу Шығыстағы ахуал себеп. Қақтығыс басталғалы әлемдік мұнай мен мұнай өнімдерінің қоры 555 млн баррельге қысқарған. Ал энергетикалық шикізат экспорты қалпына келмесе, бұл көрсеткіш азая бермек. Геосаяси ахуалдың құбылуына байланысты мұнай бағасына қатысты болжамдар да әзірге жарияланбай отыр. Халықаралық шолушымыз Арай Төлеген рет-ретімен.

Әлемде мұнай бағасы тағы құбылды. Бүгін ол 1 пайызға қымбаттады. Brent сұрыбының бір баррелінің құны 104 доллардан асса, WTI -дің баррелі 96-101 доллар аралығында саудаланып жатыр. Бұған Таяу Шығыстан мұнай экспортына төнген қауіп себеп. Көтерілісші хуситтер Сауд Арабиясының астанасы әр-Риядты баллистикалық және қанатты зымырандармен, сонымен бірге дрондармен атқылады. Шабуыл корольдіктің қалаларына, энергетикалық инфрақұрылымы мен кемелерге бағытталған. Ормұз бұғазындағы кеме қатынасы баяулаған тұста бұл жағдай Парсы шығанағы елдерінен Қызыл теңіз арқылы мұнай экспортының балама жолына, сол арқылы әлемдік мұнай тасымалына қауіп төндіріп тұр.

Әлемдік энергетика нарығы үшін маңызды бағыттарға қауіп төндіріп тұрған хуситтер дегеніміз кімдер? Осыған тоқтала кетсек, хуситтер – 1990 жылдардың соңында Йеменнің солтүстігінде пайда болған қозғалыс. Ал оның Сауд Арабиясымен текетіресі 2015 жылы корольдік Йемендегі азаматтық соғыста хуситтерге қарсы күрескен араб елдерінің коалициясын басқарған кезде айтарлықтай ушықты. Оның үстіне Иран мен Сауд Арабиясы аймақтағы ықпалын күшейтуге ұмтылған бәсекелес державалар ретінде қарастырылады. Ал Тегеран хуситтерге әскери және саяси қолдау көрсетіп келеді.

Бараа Шибан, сарапшы:

Басында зымырандардан атылған оқ нысанаға тимейтін. Жағдай өте келе өзгерді. Хуситтер мұнай инфрақұрылымдарына соққы бере бастады. Дәлдеп атып, Саудияның инфрақұрылымына айтарлықтай шығын әкелді. Олардың қабілетінің дамуына Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының тікелей қатысы бар.

Шиит көтерілісшілері мұнай инфрақұрылымы мен Баб-әл-Мандеб тәрізді теңіз жолына соққы беру арқылы Сауд Аравиясының экономикасына нұқсан келтіруді көздейді. Жақында Әр-Рияд Еуропадағы мұнай сатып алушы елдерге қазанда шикізат тасымалы кешігетінін ескерткен. Қыркүйектің 11-де дрондар шабуылына ұшырап, істен шыққан Шығыс-Батыс мұнай құбыры әлі қалпына келген жоқ. Ол арқылы аптасына 28-35 млн баррельге дейін мұнай тасымалданады. Тағы бір мәліметтерге қарағанда, хуситтер Қызыл теңіздегі Моха портын бақылауға алған.

Осындай геосаяси жағдайларға байланысты әлем энергетикалық нарығы бірнеше мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Олар – экспорттың азаюы, кеме қатынасына төнген қауіп, балама бағыттардың мүмкіндіктерінің шектеулі болуы, мұнай қорының азаюы. Шиеленістің алда қалай өрбитіні белгісіз. Сол себепті JPMorgan тәрізді ірі банктер мұнай бағасына қатысты болжамдарын әзірге жарияламай отыр

Бөлісу