Басты Жаңалықтар Абай облысында су үнемдеу технологиясын игергендер көбейді

Абай облысында су үнемдеу технологиясын игергендер көбейді

 Абай облысында су үнемдеу технологиясын игергендер көбейді

Қазақстанда су үнемдеу технологияларына сұраныс соңғы жылдары айтарлықтай артқан. Үш жыл бұрын заманауи суару жүйелері 237 мың гектар алқапта қолданылса, биылғы қыркүйекте бұл көрсеткіш 702 мың гектардан асты. Абай облысының диқандары да біртіндеп тамшылатып суаруға көше бастады. Биылғы қатты қуаңшылыққа қарамастан тиімді технологияны қолданған Үржар ауданының шаруалары қамбаны толтырып жатыр.

Жаз бойы аптап ыстық пен қуаңшылыққа қарамастан, бұл алқаптағы күнбағыс бітік шықты. Себебі мұнда егін табиғи жауын-шашынға тәуелді емес. Шаттық Ыдырыш биылдан бастап тамшылатып суару әдісіне көшкен. Нәтижесінде жылдар бойы кеуіп, бос жатқан алқапқа 114 шақырым жер асты құбырын тартып, 1200 гектар жерді қайта игерді.

Шаттық Ыдырыш, диқан:

Тамшылатып суаруды қоюда мақсат тек қана шемішке емес. Басқа да экономикалық кірісі жақсы өнімдерге қарай көшу. Тамшылатып суару арқылы, аз жерден мол өнім алу барлығына жақсы ғой. Елге де жақсы. Жұртқа да жақсы. Мемлекетке пайдамыз тиеді көп өнім өткізсек.

Александр Константинов, комбайншы:

Қатты ыстықтан биыл егін дұрыс шықпады. Мынау сияқты суармалы жерден ғана түсім мол болып жатыр. Жауынға сеніп, егін егудің тәуекелін шаруалар да түсіне бастады. Біртіндеп тамшылатып суаруға көшуде. Міне, қазір күнбағысты күні-түні орып жатырмыз.

Тамшылатып суару әдісімен шаруашылықта өңірге таңсық өнім – асқабақ та алғаш рет өсірілді. 100 гектар алқаптан алынған өнімнің түсімі жаман емес. Диқан көкөністің өзін емес, дәнін ұқсатпақ. Оның айтуынша, асқабақ тұқымына шетелде сұраныс жоғары. Сондықтан өнімді Еуропа нарығына шығаруды көздеп отыр.

Шаттық Ыдырыш, диқан:

Бұның енді дәні адам денсаулығына өте пайдалы. Бұның сұранысы өте жоғары. Әсіресе, Еуропа халқы. Қазақстанда да өте сұранысқа ие. Шауып, тазалап, кептіріп содан әрі қарай базарға саламыз.

Тек Үржар ауданының өзінде биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 3 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Егін орағын нәтижелі аяқтау үшін 700 тоннаға жуық жеңілдетілген бағамен жанармай бөлінген.

Айдын Қалиханов, Үржар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

Биыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан күзгі науқанды аяқтау үстіндеміз. Оның ішінде биыл дәнді дақылдарды жинау толық аяқталды. Шаруашылықтар нөлдік технологиямен іске қосылып жатыр. 177 шаруа қожалығы жеңілдетілген жанармайға өтінім берген. Қазіргі уақытта тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы еліміз бойынша су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын өтеу үлесі 80 пайызға дейін ұлғайтылған. 2030 жылға қарай мұндай технологиялар қолданылатын алқап көлемін 1,3 миллион гектарға жеткізу жоспарланып отыр.


Бөлісу