Басты Жаңалықтар БҚО Шабдаржап ауылында су мәселесі шешілмей тұр

БҚО Шабдаржап ауылында су мәселесі шешілмей тұр

Батыс Қазақстан облысы Шабдаржап ауылының тұрғындары Жайықтан тартылған техникалық суды тазартып ішіп отыр. «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауылға ауызсу берілгенімен, жерасты су көзі лайланып, мөлшері азайған. Мәселе қара күзге дейін шешімін табуы тиіс. Әйтпесе, бақшаға арналған техникалық су да тоқтап, ауыл ауызсусыз қалуы мүмкін. Әріптесім Ардақ Мұратқызы тарапты тыңдап көрді.

Биыл енді сусыз қалатын болармыз. Мына техникалық су тоқтағасын, қайдан алады? Қазір құдық та жоқ, су қыста өнбейді ғой.

Ақжайық ауданына қарасты Шабдаржап ауылында ауызсу мәселесі өткір тұр. 2019 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауылға су желісі салынған. Алайда станцияның істен шығуы көп дейді тұрғындар.

Құбайдолла Жиенбетов, Шабдаржап ауылының тұрғыны:

Мынау техникалық су, біз «летний» су дейміз. Бұл Ақбұлаққа да құйып жатыр. Білмеймін, тазартып жатқан болар, әйтеуір, сол суды ауылға береді. Оны да беріп жарытып жатқан жоқ. Ертең қазанда мына су тоқтайды. Сонда халық не істейді? Оны ойлап жатқан біреу бар ма, жоқ па, білмеймін, ал.

Тайпақ ауылдық округіне қарасты елді мекенде 600-ден астам тұрғын бар. Ауылдықтар, әсіресе, қыста ауызсусыз қаламыз ба деп алаңдайды.

Қайрат Байғазиев, Шабдаржап ауылының тұрғыны:

Өткен қыста ауызсу мүлдем тоқтады. Сағаттап беретін судан да айырылып қалдық. Тасымалдап берген суды ішкі қажеттілікке де, малға да жеткізе алмай, халық қиындық көрді. Ауыл тұрғындарына суды көшеге техникалық суды қосып, сонымен жіберіп жатыр.

Ардақ Мұратқызы, тілші:
Шабдаржап ауылы тұрғындары ауызсуды техникалық судан ішіп отыр. Біраз жыл бұрын ауыл халқы өз күшімен Жайық басына насос қойып, құбыр тартқан. Өзен суы осы желі арқылы Ақбұлақ ұңғымасына дейін барады. Ал техникалық су тазартыла ма, жоқ па, соны білмекке мұнара басына келгенбіз. Онымен су нысаны құлыптаулы тұр.

 Құлыптаулы станцияға аудандық құрылыс бөлімінің басшысы да кіре алмады. Ауылдағы су операторы қалаға кеткен. Бөлім басшысының айтуынша, жерасты су көзін екі жыл бұрынғы тасқын кезінде құдықтар бітеліп, түбі лайланған. Қазір 5 ұңғыманың тек 2-і істеп тұр.

Мерхат Омаров, Ақжайық аудандық сәулет, қала құрылысы, құрылыс бөлімінің басшысы:

Ұңғымадан алынады су. Сол ұңғыманың дебиті, яғни су мөлшері азайып кеткен. Қосымша Жайық өзенінен тарту жоспарланып отыр. Қазір жобасы жасақталып, жер учаскесі рәсімделіп, тиісті мемлекеттік органдардан келісім алу жүруде. Болжамды құны – 250 млн теңге.

Кейін жауапты мамандар бізге ауызсудың тазаланатынын айтып, су станциясының бейнетүсірілімін жіберді. Қара күзге дейін қаржы бөлініп, жаңа сумен қамту жүйесі іске қосыларына уәде берді. Ал жалпы аймақта халықты ауызсумен қамту 100 %-ға орындалған. Облыстық әкімдік мәліметінше, 405 ауылдың 362-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Ал тұрғын саны 20 адам болатын қалған 43 елді мекенге тіршілік нәрі құдық, ұңғыма салу арқылы қосылған. Шабдаржап тұрғындарының да мұндай игілікке жетер күні алыс емес.


Бөлісу