Жолдың әр шақырымына камера орнатылады
Республикалық маңызы бар жолдың әр шақырымына камера орнатылып жатыр. Одан бөлек 300 дрон мен 500 мобильді кешен трассалардағы жағдайды бақылайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Жедел жәрдем мен қоғамдық көліктерге айналасына бақылау жүргізетін камералар мен жылдамдық өлшейтін құралдар жаппай орнатылмақ. Жолдағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған шаралар жайлы әріптесім толықтырады.
Жол ережелеріне қатысты талап жыл сайын күшейтілгенмен апаттардың саны азаймай тұр. Үкімет отырысында мұның үш негізгі себебі айтылды.
Алғашқысы жүргізушілердің кінәсі. Жол апаттарының 35 пайызы жылдамдықты асырудың, 12 пайызы арақашықты сақтамаудың, 11 пайызы көлікті басқара алмаудың, 8 пайызы қарсы жолаққа шығып кетудің салдарынан болады.
Мәселені шешудің негізі жолы жүргізушілердің жолдағы мәдениетін арттырып, ережені елемегендерге жазаны қатаңдату. Сапасыз білім беретін автомектептердің лицензиясы тоқтатылады. Такси жүргізушілеріне қатысты да талап қатаңдатылмақ.
Нұрлан Сауранбаев, ҚР Көлік министрі:
Жолаушылар тасымалы тәртіпке келтіріліп жатыр. Ішкі істер министрлігімен және Яндекс, inDrive-пен бірігіп, рөлі оң жақтағы 70 мыңға жуық көлік тасымалдау процесінен шығарылды. Қауіпсіздікті одан әрі күшейту үшін келесі өзгерістер әзірленуде. Рөлі оң жақтан солға ауыстырылған көліктерді такси ретінде қолдануға тыйым салу. Тасымалға жауапты агрегаторлардың жауапкершілігін арттыру.
Жол апаттарының тағы бір себебі инфроқұрылымның нашарлығы.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
Жалпы, заманауи талаптарға жолдардың тек 16%-ы ғана сай келеді. 1-санатқа жататын 6 мың шақырым жол салынуы қажет. Оның тиімділігі өте жоғары. Мысалы, Қарағанды мен Алматы арасында 4 жолақты магистраль іске қосылды. Осы учаскеде адам өлімі 47%-ға азайды. Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» бұл мәселені тездетіп қолға алуы керек.
Республикалық маңызы бар жолдардағы қауіпсіздік өте өзекті. Өйткені ауыр жол апатының тең жартысы осы жолдарда тіркелген.
Адам өлімі ең көп тіркелген жол учаскелері Жамбыл облысында – «Алматы – Ташкент» трассасы. Алматы облысында – «Алматы – Бішкек», «Алматы – Өскемен» және «Алматы – Көкпекті – Көктал» трассасы, сондай-ақ Ақтөбе облысында – «Шымкент – Самара», «Ақтөбе – Атырау» бағыты.
Жиын барысында «Қазавтожолдың» басқарма төрағасы жол көлік оқиғаларының азайғанын айтып баяндама жасады. Бірақ Дархан Иманашевқа Премьер-министр қатаң ескерту жасады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Баяндама жақсы. Бірақ, шешілмей жатқан мәселелер өте көп. Оны айтқан жоқсыз. Президент айтқан олқылықтардың бәрі сіздің де жұмысыңызға тікелей қатысты. Жолдардың сапасы жоқ. Жағдайды түзету керек. Түзетіңіз! Немесе басқа адамдар бұл жұмыспен айналысады.
Жол апаттарының тағы бір себебі – көліктердің техникалық талаптарға сәйкес келмеуі. Енді орталықтар арнайы рұқсатсыз жұмыс істей алмайды. Ал көлікті тек қағаз жүзінде тексерген ұйымдардың жұмысы үш жылға дейін тоқтатылуы мүмкін.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Дегенмен жолдағы қауіпсіздікке жауапты негізгі адам жүргізуші екені анық. Ал қазір айыппұлды елемейтін өрескел құқық бұзушылар бар. Олармен күресу мақсатында баллдық жүйе енгізілмек. Яғни жол ережесін жиі бұзатындар тек қана айыппұл төлеумен шектелмейді. Бір жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін. Тиісті түзетулер көп ұзамай Құрылтайдың қарауына енгізіледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы